Жақында Кремний алқабына қоныс аударған бір отандасымызбен сөйлестім.
– Ол жақтың тұрмысы несімен таң қалдырды? – деп сұрадым.
– Біздің керемет, мықты деп жүрген дүниелеріміз ол жақта түкке де тұрмайды. Оларда бәрі керісінше сияқты болып көрінді маған.
– Қызық екен. Мысалы?
– Мысалы, олардың Марк Цукерберг немесе Сергей Брин миллионерлері біздің жай адамдар сияқты джинсы, футболка, кеды киіп жүреді. Біздің «ағашкілер» ондайлармен амандасуға да арланатын сияқты ғой. Көпшілігі «Тойота Приус» немесе «Мазда-6» сынды кәдімгі қарапайым көлік мінеді. Олар адамға киімі немесе көлігіне қарап баға бермейді. Жарқырап киініп, қымбат көлік мініп келсең, сені тырбаңдап жүрген біреу деп қалуы мүмкін.
– Жыртық джинсы киіп, «Мазда» теуіп жүрсең, жиған байлығыңнан не пайда?
– Иә, оларды түсіну қиын. Ол жақта жылтыраған дүниемен сыйлата алмайсың өзіңді. «Google» немесе «Facebook» сынды компанияларды көтерсең, «WhatsApp» сияқты миллиард қолданушы тартсаң, олар сені сыйлай бастайды.Олар істің адамын құрметтейді. Мүмкін сондықтан да олар миллионерлер шығар?
COMMENTS