Әлеуметтік желілер аз уақыт ішінде күнделікті өмірімізден ойып тұрып орын алды. Кез келген қоғамдық құбылыс ретінде бұл салаға да құқықтық реттеу қажет.
Осы турасында бірқатар ойларыммен бөліссем деймін.
2012 жылдан бастап Қазақстандағы барлық ғаламтор-ресурстары бұқаралық ақпарат құралдарына (БАҚ) теңестірілді. Оларға тіркеуге тұру талабы міндетті емес.
Мынадай жағдайды елестетіп көрейік: мен ««Facebook»» парақшамда Қазақстандағы саяси жүйе туралы жазба қалдырдым. Жазба астында қызу пікірталас болып, Икс Игрикұлы деген қолданушы Қазақстандағы Конституциялық құрылымды күшпен құлату керек деген пікір қалдырды делік. Бұл құқық қорғау органдарының қылмыстық іс қозғауға негіз бола алады. Бірақ кімді жуапқа тарту керек деген сұрақ туындайды? Пікір жазушы Икс Игрикұлын ба, пікір жазуға себепші жазба авторын ба, әлде заңға қайшы пікірді жоюға техникалық мүмкіндігі болған әлеуметтік желі иесі Марк Цукербергті ме? «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң бойынша жауапкершілік ақпарат құралының иесінде, яғни Марк Цукербергтің мойынында.
Енді біздің құқық қорғау органдары қандай шара қолдана алатынын елестетіп көрейік.
Алдымен IP-адресі бойынша Икс Игрикұлын тауып алуға мүмкіндік бар. Ал ол шетелде тұратын болып шықса ше? Қазақстанға депортациялап, жауапкершілікке тартуға болар әрине, бірақ…
Онда жазба авторын заңға қайшы пікірді өшіріп тастамағаны үшін жауапқа тартып көруге болады. Ал мен жазбаны қалдырған соң, желіге кірмеген болсам ше? Сосын мен пікір жазушы да, желі иесі де емеспін. Ал заңда блогердің жауапкершілігі мүлдем көрсетілмеген. Сондықтан бұл жағдайда блогерге қатысты ешқандай шара қолдану мүмкін емес.
Әлеуметтік желі иесі Марк Цукербергті жуапқа тартудан басқа амал қалмады. www.facebook.com әлеуметтік желісін жауапқа тартып көрейік, әрине шамамыз жетсе.
Біз заңда айтылған ғаламтор-ресурстары деген ұғым www.tengrinews.kz, www.bnews.kz, www.nur.kz сынды ақпараттық порталдарды меңзейтінін түсінеміз ғой. Бірақ www.facebook.com сынды әлеуметтік желілердің мәртебесі айқындалмағандықтан, олар ақпараттық порталдар санатына жатып тұр.
Әлеуметтік желілерге ерекше мәртебе беру қажеттілігі анық. Себебі бұл жер миллиондаған блогерлер жазбаларымен бөлісетін алаң ғана. Желі иесі блогерлердің жазбаларын қадағалап, реттей алмайды. Ал ақапараттық порталдардың иесі, авторлардың мақалаларын тексеретін редакторы бар.
Біздің құқық қорғау органдарының қандай амалы қалды?
Заң шығарушылар мұндай жағдайда Қазақстан Республикасы аумағында заңға қайшы ақпарат таратқаны үшін «Бұқаралық ақпарат туралы» заңның 24 бабы 3 тармағында сайтты бұғаттау жолын қарастырып қойған. Демек билік заңға сүйене отырып, ел аумағында «Facebook», «Twitter», «YouTube» сынды желілерді жауып тастай алады. Бірақ біздің заңдарымыз еліміздің халықаралық беделіне тікелей нұқсан келтіретін болғандықтан, аталған әлеуметтік желілер жабылмайды деп нық сеніммен айтуға болады.Жабылған жағдайда, бірден демократия мен сөз бостандығы шектеліп жатыр деген айып тағылады.
Қорытындылай келсек, заңды жетілдіру үшін төмендегідей ұсыныстар жасауға болады:
- Әлеуметтік желілерді реттеудің арнайы тетіктерін қарастыру.
- Әлеуметтік желідегі заңға қайшы жазба үшін автордың өзі ғана жауапты.
- Жазба авторын анықтау мүмкін болмаса немесе автор шетелде тұратын болса, жазба авторын жауапкершілікке тартудың немесе жазбаны жоюдың заңды механизмдерін қарастыру қажет.
- Әлеуметтік желілер бұғатталмауы тиіс. Себебі олар ақпарат көзі болып табылмайды.
COMMENTS