Уағызшы атеист:

Достарым!

Бүгін уағыздарымды бастаймын. Алғашқы уағызым атеизм және дін туралы емес, төзімділік туралы болады.

Осында отырғандардың пікірі бір жерден шыққанмен, сенім мен дінге көзқарасы алуан түрлі басқа да адамдар бар екенін ұмытпауымыз керек. Біз оларға төзімділкпен қарауға тиіспіз. Оларды бізден ақымақ немесе төмен деп санамауымыз қажет. Оларға қысым жасамауымыз керек. Олардың нанымына құрметпен қарауға тиіспіз. Бір-бірімізге сыйластықпаен қарауымыз қажет. Тату-тәтті өмір сүруіміз керек.

Барлық дін қызметкері және атеист өз уағыздарын өзге дін өкілдеріне төзімділкпен қарау туралы сөздерден бастаса екен деймін.

Мен үшін адамның діншіл немесе атеист болғаны емес, оның басқа діндегі немесе пікірі өзге тұлғаларға төзімділікпен қарауы маңызды. Сондықтан біздің кездесулерден алатын басты сабақ айналадағы адамдарға төзімділікпен қарау болмақ.

Тыңдарман-атеист:

Ал діншіл адамдар өз дінін тықпаласа, не істейміз? Олар өздерін ғана тура жолда жүрміз деп санап, өзгелерді адасып жүр деп ойлайды. Кездескен әр адамды дінге келтіруді өз борышы санайды. Олар әр адам түбінде дінге келеді деп сенеді. Олар маған есі кірмеген жас баладай қарап, жиі былай дейді: «Ештеңе етпейді, күндердің күнінде сен де дінге келесің». Бұған қалай ашуланбайсың?

Уағызшы атеист:

Мұндай қылық тәрбиесіздіктің белгісі. Діншіл адамдардың арасында да ондайлар болады. Алайда барлғына топырақ шашуға болмайды. Тәрбиесіздік пен көргенсіздік дінге байланысты емес. Бұл кемшіліктер кез келген адамның бойында болуы мүмкін. Алайда бұл өнеге алуға жақсы мысал. Біз көргенсіз болмауымыз керек және атеистік көзқарасымызды тықпаламауымыз қажет. Көзқарасымызды сұраса ғана айтуға тиіспіз. Ал жар салу әдепсіздік болады.

Тыңдарман-атеист:

Ұстаз, ал дінге сенетін адамдар сізге ақымақ көрінбей ме? Жоқ дүниеге қалай сенуге болады?

Уағызшы атеист:

Жоқ, діншіл адамдарды атеистерден ақымақ деп санамаймын. Ойы менікімен бір жерден шықпаған адамдарды ақымақ деп ойламаймын. Бар болғаны біздің көзқарасымыз басқа. Бұл әлемнің жаратылысы мен дінге, ұл пен нәсілге, үкімет пен оппозицияға және тағы басқа мәселелерге қатысты болуы мүмкін. Ойы өзгеше адамдарды ақымақ санау менмендік пен тәкаппарлықтың белгісі, ал бұл көзі ашық, көкірегі ояу адамдарға жат қылық. Атеистерден әлдеқайда көп оқыған, көп білетін діншіл адамдар жетерлік. Сондықтан адамның дінге деген көзқарасына қарап, оның ақылына баға беру қате.

Comments: 0