Уағызшы атеист:
Қазіргі діндердің пайда болуынан әлдеқайда бұрын қоғамда мінез-құлық ережелері қалыптасты. Адамдар қауіпсіздікті қалады, сондықтан негізсіз біреуді өлтіруге болмайды деген келісімге келді. Адамдар соғыста, аңда жүргенде өз дүние-мүлкінен айырылып қалғысы келмеді де, ұрлыққа тыйым салынды. Осылай жалғаса береді.
Осы барша адамзатқа ортақ ережелер кейін діни кітаптардың негізіне айналды. Тәурат та, Інжіл де, Құран да адамзатқа ортақ құндылықтардың бастауы емес. Сол кезеңде қабылданған ережелерді кітап бетіне түскен түрі.
Кейін «киелі кітаптардың» маңызы арта түсті. Ал инквизиция мен қуғын-сүргінге толы бірнеше ғасырдан соң дін көптеген елде монополияға ие болды. Соңғы екі мың жылда адамзат дін мен моральды қатар қойып келеді. Қазір де дін көптеген адам үшін адамзаттың моральдық кодексі болып табылады.
Алайда бұл жаңылысу. Моральдық нормалар дінсіз де өмір сүре алады. Дін басты орында болмаған көптеген қоғамда осылай болып келді. Мысалы, «Коммунизм құрылысшыларының кодексі» естеріңізде болса, бұл ережелер жинағы еш жерде ресми түрде қабылданбаса да, Кеңес Одағының көптеген азаматы оны ұстанатын еді.
Тыңдарман-діндар:
Маған біздің қоғамда еш моральдық кодекс қалған жоқ сияқты көрінеді. Адамдар адасып жүр. Жастар теріс кинодан үлгі алады. Танымал адамдар теріс жолда жүр. Осындай сұрапыл кезеңде діннің болғаны жаман ба? Жастардың көптеп дінге келіп, Құдайдан қорқып, теріс қылыққа бармағаны жаман ба?
Уағызшы атеист:
Иә, дін қоғамдағы тәртіпті сақтауға жәрдемдесуі мүмкін. Дін ізгі құндылықтарды насихаттаса, оларды атеистер де қолдайды. Алайда көптеген адамдар киелі кітаптарда жазылған дүниелерді дінге сенбейтіндер мен өзгеше ойлайтындарға қарсы күресте пайдаланып жатады. Сондқтан дін қоғамға пайдасын да, зиянын да тигізе алады. Дінді біржақты қабылдауға болмайды.
Тыңдарман-діндар:
Ал дінсіз, таза атеистік қоғам болсақ, адамдарды не тәртіпке келтіре алады? Мұндай қоғам хаосқа батып кетпей ме?
Уағызшы атеист:
Мені алып қараңыз. Мен атеистпін. Мен адам өлтіріп, ұрлық жасап жүрмін бе? Мен жамандық жасап жүрмін бе? Жоқ. Кез келген қоғамда атеистер өте көп болады.
Тыңдарман-діндар:
Сонда сізді әдеп сақтауға не итермелейді?
Уағызшы атеист:
Мен қоғамдағы ережелерді түсінемін. Мен оларды қабылдап, орындауға тырысамын. Мұны Құдайдан, тозақтан қорыққаннан емес, айналадағы адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу үшін моральдық нормаларды орындауға талпынамын.
Тыңдарман-діндар:
Демек сіз өзіңізге қамыңыз үшін әдепті, жақсы адам болып жүрсіз бе?
Уағызшы атеист:
Әрине. Адам тек өзінің пайдасы үшін әрекет етеді. Құдайға сенетін адам жұмаққа түсу үшін өмір сүрсе, атеист бұған сенбейді де, бар жақсылықты осы өмірде көргісі келеді. Ал ол үшін адам алдымен айналасындағыларға игілік жасауы керек. Сондықтан жақындарына махаббатын, таныстарына сыпайылығы мен әдептілігін көрсетеді.
COMMENTS