Қазақстанда жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу туралы заң қабылданғанда бұл жаңалыққа түсіністікпен қарадым.

Банктың банкроттығы туралы сыбыстан кейін халық депозиттерін алып, банк шын банкрот болуы мүмкін екендігін жақсы түсінемін.

Немесе Алматыдағы жер сілкінісі туралы қауесет халықтың үрейін қашырып, әуежайлар мен вокзалдарда кептеліске әкелуі мүмкін.

Барлық осындай жағдайда біреудің тентектігі және теріс пиғылы адамдарға зор зиянын тигізуі мүмкін.

Заң қабылдау арқылы мемлекет осындай қауесеттердің қаупін білдіріп, жаза белгілеп отыр. Жалған ақпарат таратпау туралы қоғамдық келісім жасап отыр.

Бірақ!

Кез келген келісімде екі жаққа жүктелген міндеттер болады.

Халық жалған ақпарат тарату үшін жазамен келіссе, мемлекет халыққа ресми және шынайы ақпаратты жылдам жеткізіп отыруға тиіс. Сонда қауесет пайда болмайды.

Ресми ақпарат болмаса, пайда болған вакуумды біреудің болжамы, жорамалы, қиялы толтыра бастайды.

Енді қалай ойлап едіңіз?

Біреуден хабар күтіп отырғанда ол жақтан шыққан шыбынның ызыңы да жаңалық болып естіледі. Адамның табиғаты сондай.

Осыған орай келісімінің бір тарабынан, яғни халықта заңды бір сұрақ туады: «Қауесет тарамағаны қажет пе? Уақытында түсінікті және шын ақпарат таратыңдар.

Келісімнің өз бөлігін орындай алмасаңдар, бізден де жалған ақпарат таратпауды күтпеңдер».

Comments: 0