Шешім (үкім) шыққанға дейін және шыққаннан кейін азаматтардың сот істерін талқылауға құқығы бар ма?
Бар деп санаймын.
Менің ойымша, соттардың әрекетін талқылау демокартиялық елдердегі азаматтардың негізгі құқығы болып табылады. Бұл жалпы сөз бостандығына деген құқықтан шығады. Еркін қоғамда тыйым салынған тақырыптар болмауы тиіс. Бұл тек соттарға емес, барлық мемлекеттік мекемеге де қатысты. Соттың да, Үкіметтің де, Парламенттің де шешім қабылдау барысында және кейін де өз әрекетін азаматтардың сынауын шектеуге құқығы жоқ.
«Сот шешімі талқыланбайды», «Үкімет шешімі талқыланбайды» немесе тіпті «Президент шешімі талқыланбайды»деген қағида осы меморгандарда немесе Президент қарамағында жұмыс істейтіндерге қатысты. Меморганның немесе басшының әрекетімен келіспесең, жұмыстан шығып, ашық сынауға болады.
Соттар мен басқа да меморгандарды сынауға тыйым салу олардың айтқанын құдай сөзіндей көріп, қателеспейтіндігін мойындаумен пара-пар. Мұндай инктер тайпасында немесе Мысырдағы перғауындар заманында болуы мүмкін еді, бірақ қазіргі білімді қоғамда емес.
Меніңше, судьялар одағының соттарға қоғамның ықпалын шектеуге деген талпынысын кәсіби жарамсыздығы мен іштей дайын еместігін аңғартқандай. Демек Судьялар одағы қоғамның қысымына шыдамай, заңға сүйенбей, жұрттың айтқанына бола шешім қабылдауы мүмкін деп алаңдайды. Олай болса, Судьялар одағы судьяларды қоғамнан арашаламай, олармен тиісті жұмыс жасауға барын салуы керек.
P.S. Ережеден жалғыз ауытқу – сот ісіне қатысушылардың құпия мәліметтерді жарияламауына қатысты. Алайда бұл мәселе заңмен онсыз да реттелгендіктен, қоғамда алауыздық тудырмайтын сияқты.
COMMENTS