Әли кедей отбасында өсті. Кішкентайынан ата-анасы жалдамалы пәтерден пәтерге көшіп, күнін әрең көріп жүргенін ұмытпаған. Пәтердің ақшасын төлейтін әр айдың бірінші жұлдызын ата-анасы қорқа күтетін, ал пәтер қожайынын сырттай қанішер және арамтамақ деп атайтыны да есінде қалған. Бірде пәтер иесі келгенде көп балалы отбасының төлейтін ақшасы болмағасын әкесі онымен төбелесіп қала жаздаған еді. Үлкендердің айқайынан шошып қалған Әли дәретханаға тығылып, ойға батты: «Бұл адам бізді неге жек көреді? Біз оған еш жамандық жасаған жоқпыз ғой. Ата-анам барын салып, бес баласын асырау үшін шырылдап жүр, таңнан кешке дейін жүмыс істесе де, ақша ешқашан жетпейді. Тамаққа жетпеген ақша пәтерге қайдан табылады?».
Осылай Әли жоқшылықтан құтылуды армандап, ер жетті. Оқушы кезінен базарда жүк тасушы болып жұмыс істеді, кейін сатушы болды, кейін ширақ және зерек жігітке бірнеше контейнерді басқаруды тапсырды, ал сосын ол өз контейнерін сатып алды. Сөйтіп 30-ға таяғанда Әлидің қалада бірнеше дүкені болды. Өіне және ата-анасына үй алып, ағайындарына қамқор болып, барлығының жағдайын жасады.
Ақшаның бір бөлігі бос жатпай, кіріс әкеліп тұрсын деп Әли пәтер сатып алды да, жалға беріп қойды.
Бірде көпбалалы кедей отбасынан төлемін алуға келгенде, олардың берер ақшасы болмай, жалгермен төбелесіп қала жаздады.
Үйіне қатйып келе жатқан Әли ойға батты: «Бұл отбасы мені неге жек көреді? Мен ұрлық жасаған жоқпын, оларды тонаған жоқпын. Адал еңбегіммен, маңдай теріммен тапқан ақшаға пәтер сатып алып, жалға бердім. Ол ақшаны айналымға салсам да болар еді, бірақ пәтер алып, дәл соларға жалға беріп жатырмын. Басқа адамдарды кіргізсем де болатын еді ғой. Олардың аз табыс тауып, ақшаны төлей алмағаны үшін мен кінәлі емеспін ғой? Қандай жамандық жасадым? Неге олар мені жек көреді?».
Ал осы мезетте жалға берілген пәтердің терезесінен оның ізіне ұл бала қарап, ойға шомылып тұрды.
COMMENTS