Қазақтың ұлы Англиядан оқып келеді.
Өзге жұрттың тұрмысы қатты қызықтырып, әкесі баласына сұрақтарын жаудырады.
– Балам, осы ағылшындардың тұрмыс-тіршілігі қалай? Олардың бізден қандай айырмашылығы бар?
– Әке, олар басқа адамдар. Тұрмысы мен салты да бөлек.
Мен жасы келген ағылшындардың үйінде тұрдым ғой. Олардың бізден басты айырмашылығы – үнемшілдік. Олар өздерін дүниенің қызығынан да қақпайды, ақшаны да босқа шашпайды.
– Тарқатып айтсайшы.
– Мысалы, олар шағын екі бөлмелі пәтерде тұрады. Бір бөлмесін мен сияқты студенттерге жалға береді. Оның үстіне қосымша ақы үшін миссис Флеминг маған таңертең және кешке тамақ дайындайды. Жазда Лондонда болмағанда, өз бөлмелерін де жалға беріп кетеді.
Ал, әке, сіздер анам екеуіңіз тұратын үйге қарашы! Үш қабат, бильярд залы, 70 ш.м. қонақ бөлме, бірнеше жатын бөлме. Не үшін қажет? Балалар жан–жаққа кеткен, өздеріңіз ғана тұрасыздар, қонақтың өзі жылына әрі кетсе бес рет келетін шығар. Басқа уақытта бөлмелердің көпшілігі бос тұрады, анам ғана шаңын сүртуге кіреді, болды. Ал мұның бәрі шығын ғой, бөлмелерді жылыту керек, жинап тұру керек, салығын төлеу керек.
– Енді шағын үйде қамалып отыруымыз керек пе? Үй болғасын, кең болуы керек дегендей.
– Мен де солай ойлайтынмын. Ал автопаркіңді алайық. Офисіңіз қаланың қақ ортасында болса да, жұмысқа дәу джиппен барасыз. Тау-тасты кесіп өтіп қажет емес, бар болғаны орталық көшемен 10 минуттық жер, сонша үлкен джиптің қажеті не? Үй шаруасы үшін анамда бөлек көлік бар. Көп емес пе?
Ал Флемингтерде шағын машиналары бар, онымен Лондон ішінде жүруге ыңғайлы, тұраққа қойғанға да ыңғайлы, сосын велосипедтері бар, жастары 70-тен асса да көбінесе сол велосипедпен жүреді, елестетіп көріңізші! Мистер Флемингке біздің дәу көліктеріміз жайлы айтсам, таң қалады, бір адамды тасу үшін 15 литр жанармай жағып, қаншама ауаны ластап не қажеті бар дейді. Қанша ақша желге ұшып жатыр.
– Ха-ха-ха! Қой, «Мини» немесе «Гольф» мініп жүру түсіме де кірмепті. Жолдастарымнан ұят болмай ма!
– Сол ғой! Біздің айырмашылығымыз осында. Біздің өмірге деген көзқарастарымыз тым бөлек.
Сосын ағылшындар киімді де аз сатып салады екен. Бізбен салыстырғанда аз. Мысалы, ең алғаш рет Лондонға келгенде «Харродстың» жарты киімін сатып алып едің ғой, шетінен ала бердің. Сосын не болды? Ол киімдерді сол күйі киген де жоқсың, кейбірін 1-2 рет кидің, ал қазір 3 костюм, 2 джинсы, 3 футболкамен ғана жүрсің. Ал ана италиялық қымбат киімдерді киілмегесін, Қызылорда мен Қазалыдағы туыстарға беріп жібердік. Міне, солай өмір сүріп жатырмыз.
Ал қарапайым ағылшындар төмендетілген бағамен алған киімін, тозғанша киіп, сосын интернет арқылы бірнеше фунтқа болса да сатып жібереді. Олар әрбір тиынын санайды.
– Иә, ондайым бар. Алған жаңа киімдердің бәрін кие бермеймін.
– Киім-кешекті қойшы. Тамақ ше? Біз тамақты қалай дайындаймыз? Күніне үш рет тыңқия тойып тамақ ішеміз. Ақырғы рет тамақ ішкендей болып. Желінбей қалғанын қоқысқа тастаймыз. Өйткені ертең дастарханнан жаңа піскен тамақ көргіміз келеді. Осылай күнде қайталанады. Біздің желінбей қалған тамақтармен Африкада бірнеше отбасын тойдыруға болар еді.
Ал ағылшындар қалай жасайды тамақты? Мәселен, Флемингтер. Қанша жей алады, сонша ғана. 2 тәрелке. Тәбеті тартпай, жей алмаса, лақтырмайды, ертең жеп тауысады.
– Бір түрлі сүреңсіз, көңілсіз өмір ғой олардікі. Көсіле алмайды екенсің.
– Айтпақшы, көңіл жайлы. Қонақжайлылықты айтам. Бұл жерде енді бізге жетер ешкім жоқ. Біз қонақ шақырғанда барымызды саламыз. Шағын 30-50 адамдық қонақ болсын, 300-500 адамдық үйлену тойы болсын дастарханды молынан жасаймыз. Мүмкін біреу досын немесе ағасын, балалары мен немерелерін ертіп келуі мүмкін ғой. Осы туралы ағылшындарға айтсам, олар таң қалады. Біреудің тойына таныс емес, шақырмаған адамды қалай ертіп барады деп. Олардың ақылына сыймайтын нәрсе бұл. Олар тізім бойынша аздап қана шақырады. Тамақты да сонша адамға ғана даярлайды. Олар, мысалы, 23 адам деді ма, сол 23 адамға ғана даярлайды.
Сосын. Біздегі дастархан қалай? Дастархан иіліп тұрады, ине шаншар жер жоқ. Оның үстіне 3-4 рет ыстық тамақ әкеледі. Той біткенде орнымыздан тұра алмай қаламыз.
Оларда қалай? Бір салат, бір ыстық тамақ, сосын шәй. Көбінесе жай тіске басар мен сусындар ғана болады. Болды. Оларда қонаққа тамаққа сылқиып тойып алу үшін емес, әңгімелесіп, сырласу үшін келеді.
-? Несі бар? Бізде де қонақ үстінде тамаша әңгіме-дүкен құруға болады.
– Болады әрине, бірақ сонша ысыраптың керегі не?
– Білмеймін. Дәстүр ғой.
– Қыста Лондонға барғанда байқағанымды айтайын ба?
– Не байқадың?
– Ағылшындар үйлерінде қалың киініп жүреді
– Неге?
– Олар үйлерін моншадағындай ысытпайды. Отын үнемдейді. Салқын үйде жылы киініп жүре берген дұрыс деп санайды.
Біз ше? Қыста да, жазда да үйде іш киіммен ғана жүріп үйренгенбіз. Үйді +25 °С қылғанша төпейміз отынды. Астанаға Серік ағаның үйіне барғанда жылу батареясын көрпемен жауып қойғанын көріп едік қой, есіңізде ме? Болмағасын терезесін ашып қойды. Осыны Флеминг мырзаға айтып едім, ол аң-таң, өте бай шығарсыздар дейді.
– Енді Астанада жылуды солай беретініне Серік ағаң кінәлі емес қой. Кеңес үкіметі кезінде салынған ескі үйдің батареяларында жылуды реттей алмайсың ғой.
– Мистер Флеминг Серік ағамды ғана емес, жалпы елемізді меңзеп отыр ғой.
Жарық туралы айтайын, әке. Бізде әр бөлмеде кем дегенде 5 шамы бар люстрадан ілулі тұр. Одан бөлек қосымша шамдар да бар. Ал ағылшындардың үйінде люстралар мүлдем болмайтынын білесің бе?
– Қалай болмайды?
– Солай. Оларда айна алдында, жататын жерде, бұрыштарда кішкентай шамдар болады. Керек жерде жаға саласыз. Олар бөлмелерді жарықтандыруға көп энергия жұмсамайды. Подъездерде қозғалыс датчиктері орнатылған. Адам өтсе ғана жанады. Бізде ше? Подъезде жарық түнімен, өшіруге ұмытып кеткенде, күнімен жанып тұрғаны.
Жуынатын бөлме мен дәретхана жайлы бөлек әңгіме. Үнемшіл ағылшын тісін тазалап жатқанда міндетті түрде суды жауып қояды. Суды босқа ағыза бергеннен не пайда? Біздер жуынар алдында суды ашамыз да, жуынып болғанша ағызып қоямыз ғой.
Тіпті мынадай жәйт. Кіші дәретке барса, су ағызар ыдыстың кіші түймесін басып, жарты суды ғана ағызады. Ал бізде ондай мүлдем қарастырылмаған ғой. Суды сарылдатып ағыза береміз.
– Мен ол су мен жарықты ұрлап отырған жоқпын ғой, балам. Ақшасын уақытында төлеп тұрамыз.
– Көңілге келетіні де сол ғой. Жарықты беталды жағып, суды есепсіз ағыза береміз, терезені ашып даланы жылытамыз, тамақты қоқысқа тастаймыз, өз-өзімізді тонап отырмыз ғой!! Адал еңбекпен тапқан ақшамызды желге ұшырып отырмыз! Елімізде тонналап мұнай өндіреміз, центнерлеп бидай өсіреміз, қаншама үйлер саламыз! Бірақ біздің халық жалқаулығынан өз байлығының бір бөлігін қоқысқа лақтырып жатыр.
– Судың краны мен жарықты өшіріп, қоса бергеннен байып кетпеспіз, балам?
– Әке, елдің әл-ауқаты осындай ұсақ-түйектерден құралады. Әр тамшы су, әр киловаттың құнын білсек, өмір салтымыз да өзгерер еді. Сізге қазір шектен тыс үнемшіл көрініп тұрған ағылшындардың тұрмысы ғасырлар бойы қалыптасты. Қазір олар үшін үнемшілдік әдетке айналған.
– Олар сияқты тиын санап өмір сүре алмайды екенмін.
– Жақсы. Онда осылай төгіп-шашып өмір сүре берейік. Ал ағылшындардың тұрмысы бізден жақсы болып қала бермек. Олардың зейнеткерлері әлемді шарлап, саяхаттап жүргенде, біздің қарттар бақшасында картоп қазуға мәжбүр. Тұрмысымыз бақуатты болсын десек, ысырапты қойып, үнемшіл болуымыз керек.
– Әй, білмеймін…
COMMENTS