Біздің Қазақстанда «ағашкалар» мен «інішектер» деген бір құбылыс бар.
«Ағашка» дегеніміз «ағайын» деген сөзден шыққан «аға» немесе «ағай» емес. «Ағашка» – жебеуші, қамқоршы дегенді білдіреді.
«Інішек» – «іні» емес. Ол біреудің сүйеуіндегі, қамқорлығындағы адам.
Мен мұндай қарым-қатынастарға қарсы емеспін. Бұлар қай елде болса да кездеседі. Бірақ біздің елімізде бұлар оғаш түрлі болып кеткен.
Неге десеңіз, көбінесе «ағашка» өзінің көмекшісін – «інішекті» мемлекеттің есебінен ұстайды. «Інішек» мемлекеттік қызметте есептеліп, «ағашкамен» қатар бір мекемеде жұмыс істейді, салық төлеушілердің қаражатынан жалақы алады, бірақ Отанына емес, «ағашкаға» қызмет етеді. Ол оның портфелін ұстап жүреді, оған есік ашады, жаңбыр жауса үстіне қолшатыр ашады, оның алдындағы тобырды қуып таратады. Одан артық, «інішек» «ағашканың» үй шаруасын да орындайды: оның балаларын мектепке, жұбайын сұлулық салонына апарады, үйіне азық-түлік әкеледі, «ағашканың» жанұясының жеке сапарларына визалар мен жолдамаларды жасайды. Мен моншадан кейін еңкеюге де ерінетін «ағашкаларға» «інішектері» отырып аяқ-киімдерін ауыстып береді, таза іш киімдерін әпереді, ал кірлеген іш киімдерін өзінің үйіне апарып жуып әкеледі дегенді естідім. Оның осы «жұмыстарының» уақыты салық төлеушілердің қаражатынан төленеді.
Осының бәрі жабайы болып көрінеді, әсіресе дамыған елдерден келген қонақтардың көз алдында.
Иә, оларда да ақсүйектер мен миллионерлер жеткілікті. Оларға да шәркелерін әкеліп береді. Бірақ олардың бағынышында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлер емес. Осы шаруаның бәріне үй қызметшілері, гувернанткалар және т.б. бар. Олар «ағашканың» жеке қаражаты есебінен төленеді. Тауба! Жұрт бұған тек қуанады, өйткені қосымша жұмыс орындары болады деген сөз.
Бізде бәрі мүлдем басқаша.
Неге осының бәрі бізде мүмкін болып отыр?
Өз басым «інішектер» «ағашкаларға» тәуелді болғандықтан деп ойлаймын. Біріншіден, «ағашка» осындай жас жігітті тамыр-таныстық арқылы жұмысқа алады. Осыған бола «інішек» ол кісіге алғыс болады. Егерде жұмысқа тиісті түрде конкурс бойынша алатын болса, нақты іріктеуден өткендердің қайсыбірі кейіннен бастығына шәрке тасуға келісер ме еді? Әрине, жоқ! Екіншіден, «ағашка» «інішегіне» байбатша иегінен белгілі бір игіліктерді пайдалануға мүмкіндік береді: «ағашка» атынан өз туысқанының қамын жайғастыру, «ағашкаға» біреулер үшін бір ауыз сөз айту және т.б. Егер де «ағашка» мемлекеттік қызметкерлерді жұмысқа алу рәсіміне кіріспейтін болса, мемлекеттік сатып алулар мен басқа басқарушылық шешімдерге ықпалын тигізбейтін болса осының бәрі мүмкін болар ма еді? Әрине, жоқ!
Ендеше, «ағашкалар» мен «інішектер» – мемлекеттік қызметтегі заңсыз қарым-қатынастардың терең үдерістерінің сыртқы көріністері болғаны ғой.
COMMENTS