Бала кезімде көп пәтерлі үйде тұрдым. Әр үйдің өз ауласы мен балалары болатын.
Осындай бір аулада, ұмытпасам, Нұрлан деген бала тұрды. Нұрлан басқаларға қарағанда ірі әрі әлді болды да, ауланың атаманы атанды. Барлық балаллар Нұрланның қалаған ойынын ойнайтын. Егер біреу қарсы шығып жатса, Нұрлан оңдырмай сабайтын.
Біртіндеп балалар арасында Нұрланның пікірі ғана дұрыс деген түсінік қалыптасты. Ал Нұрланның мінезі еркетотай болғандықтан, көңіл-күйі жиі құбылып отыратын. Мысалы, бірде балалардың біреуі құлап қалса, аяғыңың астына қарамайсың ба деп Нұрлан келемеждей салуы мүмкін еді. Оған еріп басқалар да жамырап күлетін. Басқа күні тағы біреу құлап жатса, Нұрлан бұл біздің досымыз ғой деп жаны ашып, көмекке ұмтылатын. Кеше мәз болып күлгендер, бүгін достарына көмектесуге жарысатын. Бәрі Нұрланның көзіне түсіп қалғысы келетін.
Осылай ауладағы балалар өз ойларын айтудан қалды. Нұрлан бірдеңе демейінше, басқа балалар да қимылдамайтын. Нұрлан тарапынан бір бұйрық келсе болды, бәрі өреле түрегелетін. Асыра сілтейтіндер де болды әрине.
Сондықтан мен басқа аулаға барып ойнайтынмын.
Ол жақта жағдай басқаша еді. Анық бір атаман болмағандықтан, бірдеңе ұнамаса, балалар бір-бірімен келіспей жататын, кейде төбелеске дейін де баратын. Жалпы достықтары берік болды. Жақсы мен жаманды әркім өзінше ажыратып, біреудің нұсқауын күтпейтін. Бір бала жамандық жасаса, сазайын бірден тартатын.
Ал сіз қандай аулада тұрып жатырсыз?
COMMENTS