Берік пен Серік студенттік шақтан араларынан қыл өтпес жолдастар еді. Университетті бірге аяқтады, бизнесті де бірге бастап, «алып-сатудан» алғашқы ақшаларын тапты, дәулеттері артып, екеуі де шаңырақ құрды.
Кейін компанияның жұмысы жүрмей, шығынға батты. Дүкендерді жауып, сатқанның өзінде бір кредиторға біршама қарыз болып қалды. Екі жолдас қарызды қалай қайтарамыз деп бас қатырды.
Серік пен Берік кеңселерінде тығырықтан шығар жол іздеп, ақылдасты.
– Біз дымсыз қалдық. Сататын да ештеңе қалмады, – деп Берік бастады.
– Иә, – деп келісті Серік. – Бірақ…
– Бірақ не? – деп Берік таңдана қарады. Қанша бас қатырса да, оған тығырықтан шығар жол жоқ сияқты көрінді.
– Бізге үйлеріміз бен көліктерімізді сату ғана қалды, – деп Серік жолдасына тіке қарады.
– Қалай сонда? Бала-шағамен қайда барамыз сосын, далада қаламыз ба? – деп Берік бөлмеде ары-бері жүре бастады.
– Мен қаланың шет жағында тұратын әке-шешеме барам. Ал сенің ата-анаң осы орталықта тұрмай ма? Әзірше соларды паналай тұрамыз. Кезінде қолымызда бір тиын болмағанда бастап едік қой. Қазір де қолымыздан келер.
– Жооқ, тоқта. Біз «Мерседес» мініп, «Ролекс» таққан мықты бизнесмендерміз ғой, енді автобуста жүріп, туған-туыстың үйінде тұрамыз демексің бе? Шын айтып отырсың ба?
– Ал сенің қандай ойың бар? Басқа амал көріп тұрғам жоқ?
Бөлмеде ары-бері мазасыздана жүрген Берік сәл кідірді де, жолдасының алдында келіп былай деді:
– Қарызды қайтармасақ ше?
– Қалай?
– Солай! Ол «ағашкінің» ақшасы бірнеше ұрпағына жетіп артылады. Біз қарызымызды қайтармасақ, ол кедейленіп кетпес.
– Сенің есің дұрыс па? Бай-кедейдің қатысы қанша? Қарызды қайтару керек.
– Бұл әділетсіздік қой! Біреуде бәрі бар, біреуде дым жоқ.
– Иә, бұл сөзіңді далада қонып жүрген бомждар естімесін. Олармен салыстырғанда сен байдың өзісің.
– Қоя тұршы. Сен одан да маған мынаны айтшы. Ақшаны қолыңа берерде, ол сенен «расписка» алды ма? Алған жоқ. Сөзіңе сеніп бере салды. Демек оның қолында ешқандай қағаз жоқ.
– Берік, есіңді жи! Не оттап тұрсың?
– Тоқтай, тұр, соңына дейін тыңдасайшы! Заң бойынша ол бізге ештеңе істей алмайды, қолында ешқандай құжат жоқ қой. Бандиттерді де айдап сала алмайды, қазір заман басқа. Бізден ақша бопсалады деп арыз жазып жіберсек, оны қамауға алады. Бітті, мәселе шешіледі.
Серік досының бұл сөздеріне сенер-сенбесін білмей абдырап қалды.
– Берік, біз ақша алған сәтте оған қалай риза болғанымыз есіңде ме? Аяғына жығулаға дайын болып едік қой. Ол біздің сөзімізге сеніп, сұраған сомамызды берді. Егер ол ақша бермесе, біз бұлай көтеріле де алмас едік.
– Иә-иә, есімде, бірақ жағдай осылай болғанына біз де кінәлі емеспіз ғой.
– Біздің бизнесті ары қарай алып кете алмағанымызға ол да кінәлі емес.
Бөлмеде үнсіздік орнады. Серік орнынан тұрып, соңғы шешімін айтты.
– Дос, мен өз таңдауымды жасадым. Ертең көлігім мен пәтерімді сатуға қоямын. Өтіп жатса, қарызды жабуға жетіп қалу керек. Ал сен өзің білесің.
Серік терезе алдында тұрған Беріктен жауап күтті. Дымқыл қар жауып тұрған аулаға үнсіз қарап тұрған Беріктің жылы кеңседен езіліп жатқан далаға шыққысы келмей тұрған еді.
Берік үндемеді. Серік басын изеді де, кеңседен шығып кетті.
Берік басын шайқап, «Ақымақ» деп күбірледі.
Кенет кабинетте жарық өшіп қалды. Бизнес орталықтың әкімшілігі қарыз үшін жарықты үзген болар.
Тас қараңғыда кеңседен шығуға бет алған Берік, көшедегі шамдардың жарығымен тұрақтағы көлігіне қарай қарай сенімді қадам басып бара жатқан Серікті байқап қалды. Тәртіпке құрметпен қарайтын ол көлігін әрқашан тұраққа қоятын. Берік болса, көлігін кеңсеге жақын болсын деп ылғи тротуарға қоятын. Қараңғыда әрең жол тауып, көлігіне қарай бет алған Берік кілтін іздеп қалталарын ақтара бастады.
COMMENTS