Георгий ленталарының тарихы көпшілікке мәлім. Қасиетті Георгий ордені Түркиямен соғыста орыс әскерилерін марапаттау үшін 1769 жылы бекітілді. Кейін Кеңес Одағы бұл орденді жойғанмен, 2000 жылы Ресей қайта тағайындаған болатын.
Гвардиялық лента фашистерге қарсы соғыста ерлік танытқан гвардиялық бөлімдерді, құрамалар мен кемелерді белгілеу үшін 1942 жылы тағайындалды. Гвардиялық лента георгий лентасына қатты ұқсады, тек сары жолақтардың орынына қызғылт жолақтар пайдаланылды.
Жолақты ленталардың жақтастары мен қарсыластары арасындағы даудың осынша шиеленісуіне не себеп болды?
Менің ойымша, бұл жерде түсініспеушілік орын алған сыңайлы.
Кремльдің үгіт-насихаты салдарынан ресейлік азаматтардың бір бөлігі баяғы алып империяны аңсау комплексіне шалдыққаны анық. Олар өздерін орыс жерлерін жинаушы орыс патшаларының ұрпағы санап, «орыс әлемінің» қорғаны боламыз деп ойлайды. Бұл азаматтар Қырым мен басқа да «тарихи орысқа тиесілі жерлердің» Ресейге қосылуын жақтайды. Міне осылай 2014 жылы Укараинадағы сепаратистік соғыс кезінде насихатшылар «ұлы ресей империясының» белгісі ретінде георгий лентасын қолдана бастады. Дәл осы лентаның қолдану кездейсоқтық болмағаны анық. Себебі бұрынғы Кеңес Одағының көптеген азаматтары үшін ерліктің белгісіне айналған гвардиялық лентаға өте ұқсас еді. Яғни насихатшылар Украинадағы сепаратистер «орыстілді халыққа қысым көрсетіп жатқан украиналық фашистермен» күрес жүргізуде деген пікірді қалыптастыруды көздеді.
Кей адамдар георгий лентасын «Ұлы Ресей мемлекетінің» символы деп дәріптейді.
Тағы біреулер гвардиялық лентаны фашистерге қарсы соғыста қаза тапқан батыр-гвардияшыларға құрмет көрсетудің белгісі деп таниды.
Ал елінің тәуелсіздігіне қатты алаңдайтын барша азаматтар үшін түстері ұқсас болғандықтан, жолақты ленталар империялық озбыр тарихтың қалдығы болып көрінеді.
Жолақты лента таққандардың бәрін жау санамауымыз керек.
Мен гвардиялық ленталарды соғыста қаза болған ата-бабаларының ерлігіне құрмет білдіру үшін ғана тағып жүрген көп азаматтарды танимын. Олар Қазақстанның патриоттары, «орыс әлеміне» еш қатысы жоқ адамдар. Национал-патриоттардың неге сонша шүйлігетіні оларға түсініксіз, Отан қорғаушыларына құрмет білдіруге тиым салынбаған еді ғой.
Кремльдік насихатшылар мақсатына жетті. Жолақты ленталардың көмегімен олар бірнеше елдің қоғамына алауыздық енгізді де, қоғамның біраз бөлігін өз жақтарына қаратып алды.
Енді не істеу керек?
Национал-патриоттардың уәжі түсінікті. Империалистік көзқарасты түп-тамырымен жою үшін, өте ұқсас жолақты ленталардан толық бас тартып, олар өзіміздің көк ленталарымызды тағып жүрейік деген ұсыныс тастады. Батыр ата-бабаларымызға деген құрметті де осылай білдіргенді қалайды.
Олардың қарсыластары: «Жолақты ленталарға әбден үйреніп қалдық. Георгий лентасына ұқсас болғаны үшін ғана олардан бас тарта алмаймыз», – деп айтулары мүмкін. Бүған жауап дайын сияқты: «Үнділік свастика да кезінде сәттілік пен берекенің белгісі болатын. Фашистік Германия свастиканы қолданған соң, бұл тек қана үнділік символ ақталу ақылға қонымсыз екені анық».
Сыртқы белгілерден гөрі ішкі мазмұнға басымдық беретін адам ретінде жолақты ленталардық қарсыластарына бүйрегім бұрады. Ұлы державалық шовинистер еншілеп, дақ түсірген соң, жолақты ленталардан біржола бас тартып, жаңа белгілер қолданған ақылға қонымды сияқты.
COMMENTS