Қазақ тілін латынға көшіру қоғамда қызу талқыланып жатыр. Ғаламторда әліпбидің әр түрлі нұсқалары жарияланды. Басты тартыс қазақ тіліне тән бірнеше әріп төңірегінде ғана жүріп жатыр. Ал латынның «a», «b», «d», «p», «r», «s», «t» сынды негізгі әріптеріне қатысты ешқандай дау жоқ.
Демек латынға көшу қажеттілігін көпшілік мойындайды. Енді пікірталасты қазақ тілінің спецификалық әріптері төңірегінде жүргізіп, әр әріпті жеке талқылау қажет.
Мен де өз үлесімді қосу мақсатымен әр әріптің жазылу нұсқалары мен оң және теріс тұстарын талдап, кесте құрастырдым.
Ыңғайлы болу үшін нұсқаларды нөмірлеп қойдым.
Кестелер бөлек жазбалар болып жарияланады, ал сіздерден ұнаған нұсқаларыңызға дауыс берулеріңізді сұраймын. Әрине бұл ресми дауыс беру емес, бірақ халық қалауының айнасы болуы мүмкін.
Достар!
Біз тарихымызда өшпес із қалдыруға мүмкіндікке ие болдық. Жақын арада қабылданатын әліпби қазақ тілінің ғана емес, жалпы қазақ халқының дамуын айқындайтын болады.
Осындай ұлт тағдыры шешіліп жатқан тарихи сәтте азаматтық белсенділік танытып, пікірталасқа ат салысу парыз.
Дұрыс әріпке дауыс беріңіз!
Дұрыс қазақ тіліне дауыс беріңіз!
COMMENTS