Әр қазақ отбасында шкафтың ең артқы сөресінде немесе әжесінің сандығында сыйлықтары бар пакет жатады. Онда шапандар, камзолдар, орамалдар немесе мата (кесінді мата) болады.
Осы пакеттегі қай заттың қайдан алынғаны жайлы ешкімнің есінде қалмаған болар. Сонымен қатар, ешкім осы пакеттегі заттарды лақтыра алмайды және оны қолдана алмайды. Олардың өз мақсаты болады – бұл айырбас. Оны сыйлық валютасы деп атауға да болады.
Қазақ ер адам шілдеханаға (нәрестеге жасайтын той), сүндет-тойға (ұл баланы сүндетке отырғызу тойы), үйлену тойына немесе туған күнге барған кезде, оның әйелі алыстағы тұрған шкафты ашып, одан той иелерінің мәртебесіне, туысқандық жақындыққа, жеке ұнатуларға және тағы басқа қасиеттерге байланысты шапан, орамал немесе мата алып шығады.
Осындай шараларда барлық қонақтар өз сыйлықтарын полиэтилен пакеттерге салып әкеледі және той иелеріне ұсынады, сондықтан той иелері кімнің не сыйлағанын білмей қалады немесе олардың естерінде қалмайды. Ал оның не қажеті бар? Өйткені той иелері барлық сыйлықтарды алыстағы шкафқа апарады, бұл сыйлықтар иелерді шақырған тойға және жақында болатын тойға дейін сақталып жатады. Ал қазақтардың жақындары, таныстары тура сол адамдар болғандықтан, бұл сыйлықтар ауылда немесе қалада бір үйден екінші үйге көшіп жүреді. Тіпті қазақ әйелінің біреуге сыйлаған кесінді матасы қайтадан өзіне оралуы мүмкін. Бірақ ол осыған еш ренжімейді. Не болса да, бәрібір біреуге сыйлай салады.
Осындай салт-дәстүрдің бастамасы қайдан болғаны бізге түсінікті. Бұрынғы ғасырларда қазақтар көшпенді халық болған кезде керуеншілерден бартер арқылы тауарларды сатып алған, бұл табиғи сыйлықтарды айырбастаудың жалғыз жолы болған. Қазақ терілерді беріп – орыс мылтығын алған, қақталған етті беріп – қытай жібек матасын алған. Содан кейін мылтық пен матаны туған-туысқандарына туған күндер мен тойларда тарту еткен. Кеңес одағы заманында, жаппай дефицит кезеңінде, бұл салт-дәстүр жойылмаған, керісінше одан сайын күшейе түскен. Дүкендегі костюм мен бәтеңкені ақшаға ала алмайсың. Тек қана таныстық арқылы алуға болатын. Табиғи тауарлардың құндылығы ақшадан жоғары болған. Сондықтан бұл шкафтар қиындықпен табылатын және соған байланысты ұқыпты сақталатын маталармен, орамалдармен, камзолдармен, тымақтармен толтырылып отырған.
Бүгінгі заман өзгерді. Қазір дүкеннен сіріңкеден бастап автомобильге дейін барлығын сатып алуға болады. Тіпті дүкеннен емес, үйде отырып ғаламтор арқылы сатып алуға болады. Алайда ескі салт-дәстүр жойылмайтын сияқты. Алыс шкафтарда ескі кесінді маталар, күйе жеген орамалдар және тозығы жеткен шапандар әлі күнге дейін шаңға басылып жатыр.
Менің ойымша, біз бұл салт-дәстүрді өзгертуіміз керек, қажетті емес заттарды бір-біріне сыйлау орынсыз емес пе? Сол заттың орнына дүкен сертификатын сыйлау қазіргі заманға сай және тиімді болады, сонда мерейтой иесі қажетті заттың барлығын өзі таңдай алады. Үйлену тойының ұйымдастырушылары жас жұбайлардың тілектерінің тізімін алдын-ала құрса қолайлы болар еді, осылайша сыйлықтардың қайталануын және қажетті емес заттардың сатып алуын болдырмауға болады.
Дегенмен сыйлықтарды сыйлау салт-дәстүрінен бас тартпау керек, өйткені сйлық беру арқылы шын жүректен шығатын шынайы ықыласты көрсетуге болады.
COMMENTS