Қазақстанның латынға көшуі қоғамда қызу пікірталасқа ұласты.
Енді осы мәселені эмоцияға берілмей, барынша объективті талдап көрелік.
Латынға көшуді қолдайтындар қандай дәлелдерін келтіреді?
Бірінші – көптеген елдер латын қарпін қолданатындықтан, Қазақстанның әлемдік қауымдастықпен байланысы нығайа түседі.
Шынымен де, карта мен статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Қытай, Үндістан, араб елдері мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеіренен басқа барлығы дерлік латын әліпбиін пайдаланады. Ал ағылшын тілі халықаралық қатынастарда басым болғандықтан, адамзат баласының басым көпшілігі латын әріптерін танып, оқи алады.
Бізге қандай пайдасы бар десеңіз? Ағылшын, испан, француз, неміс тілдерінде сөйлейтін көптеген шетелдіктер үшін қазақ тілін үйреніп, түсінуге жеңіл болады. Өз кезегінде қазақстандықтар үшін де ағылшын тілін үйрену жеңілдей түспек.
Тіл үйренуден бөлек, латынға көшудің ғылым, технология, өндіріс, акылшаруашылық, фармацевтика салаларында да бірқатар артықшылықтары бар. Барлық салалық классификаторлар, нұсқаулар, ережелер, басқа да негізгі құжаттар ағылшын тілінде жазылып, кейін басқа тілдерге аударылады. Латын әріптерін білу бұл құжаттармен жұмыс жасауды жеңілдетеді. Барлық компьютерлік бағдарламалар алдымен ағылшын тілінде құрастырылатындықтан, кириллица символдарымен жиі қиындықтар туындап жатады. Мыңдаған дәрі-дәрмектің де халықаралық атаулары латын қарпімен жазылады. Әрине латын әліпбиін қолданатын адамдарға бұл жағдайға бейімделу әлдеқайда жеңілдеу болады.
Екінші – Ресей ықпалынан арылу.
Көптеген қазақстандықтар үшін бұл дәлел басымдырақ та болуы мүмкін. Ұлтшыл бағытты ұстанатындар бұрыңғы метрополиядан барынша алыстауды көздейді. Кебір адамдар бұл туралы барынша жұмсартып айтқанмен, латынға көшу бізді Ресейден алыстатпаса, жақындата қоймайды.
Бірақ бұл жақсы ма, жаман ба?
Біз үшін жақсылығы басым деп санаймын.
Бірден айтып кетейін, тарихымыз ортақ, байырғы көршіміз Ресейге қатысты еш арам пиғылым жоқ. Тек заман өзгерді. Енді біз азат, тәуелсіз мемлекетпіз. Біз көршімізді сыйлағандықтан ғана ыңғайлы әрі заман талабына сай латын әліпбиінен бас тартпауымыз керек.
Ал латынға көшудің қарсыластары қандай дәлелдер келтіреді?
Бірінші – ел латынша және кириллицада жазатын екі топқа бөлінетін болады. Ал бұл тұжырымның арғы жағында қазақтілді және орыстілді қазақстандықтар арасында қайшылықтар меңзеліп отырған сияқты. Бірақ бұның себебін латынға көшуден іздеу қателік.
Латынға көшу Қазақстанда орыс тілінің қолданысын шектейді деген сөз емес. Орысша оқып, жазатындар ары қарай кириллицаны қолдана береді. Бұл шешімді негізінен қазақтілді көпшілік жақсы қабылдады. Өтпелі кезеңнің бар ауыртпашылығы да қазақтілділердің мойынына түспек. Осы тұста орыстілді азамматтардың соншалықты алаңдауын түсіну қиын. Бұл турасында ғаламторда бір өткір әзіл пайда болып үлгерді: «Қазақ тілін білгісі де, үйренгісі де келмейтіндер енді қазақ тілін латынша білмейтіндеріне ашуланып жатыр».
Екінші – біз Ресейден алыстап кетеміз.
Бұл факторды халықтің бір бөлігі жақсы, басқалары теріс қабылдап жатыр. Әрине екінші топқа «екінші Отаны» Ресеймен байланыстары мықты этникалық орыстар жатады. Олар Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастар барынша тығыз болса, өздерін Қазақстанда еркін сезінеді. Бірақ жағдай өзгеруде. Елімізде Ресеймен шектеліп қалмай, барша әлем жұртшылығымен тығыз қарым-қатынаста болғысы келетіндер саны артып келеді.
Үшінші – латынға көшу мол қаржыны шығындауды талап етеді.
Келісемін. Қосымша шығындалуға тура келеді. Бірақ бюджет бұл шығындардан зиян шеге қоймайды. Латынға көшу бірден жүзеге асырылмайды, кезеңдермен жүреді. Бұл кириллицада жазылған құжаттар, тақтайшалар, мөрлер күшін жоаймай, қолданыста болады. Тозығы жетіп, ауыстырылатын кезде жаңа латынша нұсқасы жасалатын болады. Әрине ескертіштерге, тасқа және металлға қашап жазылған мәтіндерді қайта жазуға тура келеді.
Осыдан төртінші дәлел шығады. Дағдарыс уақытында қосымша шығындалудың қажеті не?
Бұл пікірмен келспеймін. Қоғамда барлық азаматтар бір ауыздан қолдайтын шешім ешқашан болмайтын сияқты. Қазір шығындалатын уақыт емес деген сылтауды мұнай бағасы шарықтап тұрған жылдары да айтатынбыз. Сондықтан жақсы заманды күтіп отыра беруге де болмайды. Мысалы, Әзірбайжан, Өзбекстан республикалары латынға нағыз дағдарыс уақытында көшті.
Бесінші – жаңа буын соңғы жетпіс жылда кириллицада жинақталған ақпараттан шет қалады.
Қазақстандағы бар орысша ақпарат кириллицада қала беретінін айта кету керек. Латынға көшу тек қазақ тіліне қатысты. Қазақша кириллицадағы ақпарат көлемі орысшамен салыстырғанда өте аз. Сондықтан қазақ әдебиетін толық латынға көшіру бірнеше жылда толық аяқталатыны анық. Ал Абайды кириллицада оқығысы келген адам жеті-сегіз жыл ішінде кітапханалардан кириллицамен басылған кітаптарды оңай табатынына сенімдімін. Сонымен қатар қазақтілді азаматтар мәтіндерді латынша оқуға тез бейімделетінін байқадым. Ал мектепте ағылшынды оқып жүрген жас ұрпаққа еш қиындық туғызбау керек.
Латынға көшуді қолдайтындар мен қарсылық білдірушілердің дәлелдерін саралағаннан соң, менің ойымша, қолдаушылардың дәлелдері саяси әрі практикалық тұрғыдан басым көрінеді.
COMMENTS