Диктаторлардың екі түрі болады.
Бірінші – бұл «патшалар» немесе «хандар».
Олар билікте ұзақ отырып, барынша пайдаға кенеліп қалуға тырысады. Олар елдегі ең бай адамдар атанып, ағайын-туысы мен таныс-тамырлары «Forbes» тізімінен ойып тұрып орын алады. Ең қымбат яхталар, ұшақтар мен қайықтар да олардың меншігінде болады.
Жиған байлығы өзімен қоса ұрпақтарынан да артылып қалатын болса да «патшалардың» көзі тоймайды. Айналасындағы адамдарды байлық сыйлап сатып алмақшы болады.
Әдетте «патшалардың» байлығы билікке тәуелді болады. Биліктен айырылған сәттк байлық та ғайып болады. Халықтан ұрлап жинаған байлық кейде «патшалардың» туған-туысына қалса, кейде тіпті алаяқтардың олжасы болып жатады.
Екінші – бұл «көсемдер».
Бұлар да билікте барынша ұзақ отырғысы келеді, бірақ дүние-мүлікті өз меншігіне ауыстыруға асықпайды. Оларға барлық саяси үрдістерге бақылау орнату, бай-манаптарды уысында ұстау маңыздырақ болады. Осында «көкелердің» билігі ұрандарға негізделеді. Көбінесе бұл тегін білім беру мен денсаулық сақтау, тегін газ бен азық-түлік, сыртқы жауларға деген өшпенділік сынды ұрандар. Олигархтар мен батыс елдерінің жағымсыз кейіптері халық арасында кең насихатталып, «көсемнің» беделін асқақтатып тұрады.
Халыққа жақын болып көріну үшін «көсемдер» жиі халық арасына шығып тұрады, көптің көзінше қарамағандағыларға ұрысып та қояды.
«Көсемдер» билігі «патшаларға» қарағанда тұрақты болғанмен, екеуінің де мқсаты бір – шексіз билік. Ал байлық пен ұрандар мақсатқа жетудің құралы ғана.
COMMENTS