Мемлекет құрылымында соттар өте маңызды рөл атқарады. Соттар әділ шешім шығармаса, азаматтар мемлекетке деген сенімін жоғалтады. Мемлекетке сенбейтін азаматтар заңға, мемлекеттік органдарға бағынуды тоқтатып, әділетке жетудің құқықтық емес жолдарын іздей бастайды.
Арыз жазу, істерді қарау, шешімдер мен үкімдер шығару процедуралары қарапайым, түсінікті және, ең маңыздысы, әділ болу қажет. Соттың кез келген шешімін халықтың басым көпшілігі әділ деп қабылдағаны жөн. Соттың әділ шешімі қылмыскерге деген ыза мен кекке басу болу керек.
Қазіргі жағдай қалай?
Өкінішке орай, жағдай ушығып тұр.
Соңғы кезде Қазақстандағы шулы істердің жинағы мынадай:
Евгений Жовтис, 2009 жылы жүруге тиым салынған жерден өтіп бара жатқан адамды қағып кетті. 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Әлібек Қайымсұлтанов, бұрынғы шенеунік, бай бизнесменнің баласы 2009 жылы мас күйінде 3 адам қаза тапқан жол апатына себепкер болды. Оқиға орынынан полиция қызметкерлерімен босатылып, кейін тергеуден қашып, ақыры 2012 жылы кінәсін мойындап, 7 жылға қамалды. Бірақ 3 жылдан соң амнистиямен еркіндікке шықты.
Мақсат Үсенов, 2013 жылдың желтоқсанында жол жиегінде тұрған үш адамды басып, 1 адам қаза тапты. Жазасы 45 күндік қамау мен 1 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру ғана болды.
Алматы обылысынан екі ағайынды 2015 жылы 20 миллионға бағаланған жылқыларды ұрлағандары үшін сотталды. 8 және 5 жылға бас бастандығынан айырылып, мүліктері тәркіленді.
А.Мукажанова, Солтүстік Қазақстанның «Қазпошта» аудандық бөлімшесінің бастығы, 2016 жылы 6 миллионға жуық жеке салымдарды жымқырғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді.
Қажымұрат Үсенов (Мақсат Үсеновтың әкесі), «ЭКСПО-2017» нысандарының құрылысына арналған 214 миллион теңге көлемінде мемлекеттік қаражатты ұрлап, 2 жылға сотталды, мүлкі тәркіленді.
Осы материалдарды оқып отырған Қазақстан азаматтары қандай күй кешеді?
Олардың басым көпшілігін ашу кернеп, елімізде әділ сот жоқ деген қорытындыға келері анық.
Шенеуніктер мен байдың балалары қылмыстары үшін жеңіл жазамен құтылып, қарапайым адамдар барынша қатаң жазаға ұшырап жатыр.
Миллиондар ұрлаған ірі шенеуніктер айыппұл төлеп, аз мерзімге сотталып жатса, қарапайым қызметшілер аз сомалар үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылып жатыр.
Қарапайым азаматтарға осылай көрінетін сияқты.
Солай емес пе?
Сырттан тон пішкім келмейді, нақты айту өте қиын. Мысалы, тәжиребелі заңгерлермен сөйлескем. Олардың айтуынша, Мақсат Үсеновтің ісін қараған сот барынша қатаң үкім шығарғысы келген, бірақ екіжақты келісімге келгендіктен, қолданыстағы заң шеңберінде 45 күндік қамаудан басқа ештеңе істей алмаған.
Қалың бұқара істің бұл кілтипанынан хабарсыз, олар бәрі ақшаға шешіліп қойғанына сенімді.
Сот төрелігі үшін әділ шешім қабылдау ғана емес қоғамдық пікірдің де қолдауына ие болу маңызды сияқты. Қарапайым халық сот шешімдерін түсініп, әділдігіне күмән келтірмеу керек. Соттың әр шешімін түсіндіру қажет. Қарапайым таксист пен зейнеткер заңның кейбір қитұрқы жерлерін қайдан білсін. Сондықтан түсіндіру жұмыстары барынша халыққа ұғынықты түрде жүргізілсе, халық арасында алыпқашпа әңгімелер де аз болады.
Ешқандай өзгеріс енгізбей, соттар қалыптасқан әдет бойынша үкімдерін шығарып, балғаны бір ұрып жүре беруге болар еді. Көптеген соттар үкімдерін түсіндіруге міндетті емеспіз деп санайды, заңда бәрі тайға таңба басқандай жазулы тұрған жоқ па. Әрине олар өз шешімдерін түсіндіруге тиіс емес шығар, бірақ бұл олқылықтың орынын толтыратын басқа бір тетік табу керек. Әсіресе даулы сот үкімдерін қарапайым халыққа түсіндіру жүйесін қалыптастырған жөн.
Осы мәселе қолға алынбай, халықтың әділ сот төрелігіне деген сенімі пайда болмайды.
COMMENTS