9 мамырда жыл сайын Қазақстанда Жеңіс күні атап өтіледі.
Соңғы жылдары бұл мерекеге қатысты алуан түрлі пікірлер айтылуда.
1. Отан соғысы деген қай соғыс? Әлем жұртшылығы Екінші дүниежүзілік соғысын біледі. Ал Ұлы Отан соғысы деген атауды үгіт-насихат мақсатында Кеңес Одағы қолданды.
Бір соғыс әр елде әр түрлі аталады. Мысалы, Англияда Шығыс майдан, Германияда Неміс-Кеңес соғысы, Орыс немесе Шығыс жорығы деп белгіленеді. Бұл соғыс бұрынғы Кеңес Одағының аумағында 1941 жылдың 22 маусымындағы халыққа радиоүндеуде Молотов пайдаланған “Отан соғысы”, кейін “Ұлы Отан соғысы” аталып кетті.
Бұл атау қандай мақсатпен берілді?
Кеңес үкіметінің басшыларына осыған дейін Еуропаны 2 жылдай шарпыған қантөгіс пен фашистік Германияның Кеңес Одағына шабуыл жасауын ажырату қажет болғаны анық. Агрессияға қарсы соғысты шетелдік басқыншылардан Отанды қорғау деп атау заңды құбылыс.
Басшылардың бұл шешімінен теріс ештеңе көріп тұрған жоқпын. Халықтың рухын көтеру мақсатында кез келген елдің басшылары осындай қадамға барар еді деп санаймын. Сондықтан бір соғысты әр елде әр түрлі атаудың еш қаупі жоқ деп ойлаймын.
2. Қазақстанның Гитлерге қарсы соғысуына қандай негіз болды? Мүмкін Гитлер елімізді коммунистік езгіден босатар ма еді?
Шындап келгенде екі режим де адамзатқа жауыз еді. Нацистік режим бір ұлтты өзге ұлттардан артық санап, небір жауыздықтарға жол берді. Коммунистік режим ұжым мүдделерін жеке тұлғаның құқықтарынан жоғары қойды. Коммунизм халыққа жек басқа табыну, репрессиялар, ашаршылық алып келді. Гитлер жеңсе, халқымыз арийлік ұлттың құлдарына айналар еді. Демек Гитлер әскеріне қарсы шығу қателік болды дегенмен келіспеймін. Әрине коммунизммен де күресу қажет болатын. Күрес болды да, бірақ бұл басқа әңгіме.
3. Қазақтар үшін Ресей мен Сталиндік режимді қорғау қаншалықты қажет болды?
Екінші дүниежүзілік соғыс басталарда Қазақстан Кеңес Одағының құрамында болды. Мемлекетті қорғау ұлтына қарамастан, Кеңес Одағындағы барлық азаматтардың парызы болатын. Дәл осылай елімізде тұратын өзге ұлт өкілдері соғыс бола қалған жағдайда, Қазақстанды қорғауға міндетті. Олар Назарбаев үшін емес, Отан үшін қару алады.
4. Қазақтар өз еркімен соғысқа аттанды ма? Үкімет мәжбүрлеген жоқ па?
Қазақстанның КСРО құрамына қосылуына әр түрлі тарихи баға берілгенмен, халықтың көпшілігі Кеңес үкіметін қолдап, азаматтық парыздарына адал болды. Бұл Отан қорғауға да қатысты. Ата-бабаларымыздың барлығы дерлік майданға өз еркімен аттанды. Майданнан қашқандар да болды, бірақ олардың саны басқа республикалармен, тіпті Ресейдің өзімен салыстырғанда өте аз болды.
5. Миллиондаған адамдар құрбан болған соғыстағы жеңісті тойлау қажет пе?
Көптеген адамдардың пікірі бойынша, Екінші дүниежүзілік соғыс – бұл адамзат тарихындағы үлкен қасіреттердің бірі, ал бұл соғыстың аяқталған күнін тойлау – күпірлік. Меніңше, біз назарымызды соғыстың аяқталу күніне аударуымыз қажет, яғни бұл күні біз соғыстың басталуы мен барысын емес, оның аяқталуы мен фашистік Германияны, яғни бар әлемдегі фашизм мен нацизмді жеңуімізді тойлаймыз.
Әрине Жеңістің қандай құрбандықпен келгенін ұмытпауымыз қажет. Жеңіс күнін тойламау, Жеңіс үшін жарты миллионға жуық қазақстандықтың төккен қан мен терін бағаламау деп санаймын.
Сонымен, сөздің түйіні.
Жеңісті тойлау керек. Бұл күн өскелең ұрпақ үшін отансүйгіштіктің жарқын мысалы бола алады. Басқа елдің құрамында фашизмге қарсы соғысса да, ата-бабаларымздың ерлігі мен жанкештілігін жоққа шығара алмаймыз.
COMMENTS