– Ассалаумағалейкүм, Марат аға. Менің атым Азамат. Біз Фейсбукте доспыз. Сізді тұрақты оқып тұрамын.
– Уағалейкүмәссалам, Азамат! Қуаныштымын!
– Сізбен жүздесудің сәті түскені жақсы болды ғой. Сізге айтарым бар еді.
– Жақсы, тыңдап тұрмын.
– Сізден кешірім сұрайын деп едім.
– Кешірім? Не үшін?
– Қазір бәрін айтамын, түсінесіз.
Осыдан екі жыл бұрын ЖОО бітіре салысымен Астанаға келдім. Жарқын болашаққа деген сенімім мол, патриотизм кернеп тұр, министрліктердің біріне мемқызметке жұмысқа тұрдым. Ол жерде жақсы қабылдады, мен сияқты жастардың қатары да көп болды. Жұмыла, жан аямай еңбек еттік. Бірақ департаментте бізге интернетте жұмыс жасауға тура келетін.
– Содан?
– Қалай айтсам… бұл «елімізде жағымды әлеуметтік климат қалыптастыру» деп аталатын.
– Сендер қалыптастырасыңдар ма сонда?
– Былай ғой, қаптатып фейк аккаунттар ашып, билікке қарсы барлық блогерлерге троллинг жасайтынбыз.
– Міне қызық! Сосын?
– Департмент директоры келіп бір күнге немесе бір аптаға тапсырма беріп кететін. Кімге шабуыл жасап, не жазатынымызды айтатын. Мысалы, мынадай тапсырма беруі мүмкін еді: «Жерді шетелдіктерге сату – бұл дұрыс шешім дегенге халықты сендіруіміз керек немесе бүгін Еуропада қашып жүрген олигархтың құлағын шулатуымыз қажет». Содан қызық басталады. Интернетте аталған тақырыпқа қатысты материалдарды тауып аламыз да, бұрқыратып комменттер жаза бастаймыз. Жоспар күніне 400-500 коммент шамасында болатын. Сонымен қатар әрқайсымызда тұрақты жаңартылып тұратын 10-15 фейк аккаунттан болды. Кез келген оқырман шынымен осынша адам жер реформасын қолдайды деп ойлап қалуы мүмкін еді.
– Солай де! Олар өз Ольгиноларын жасамай-ақ, барлық мемлекеттік аппаратты Ольгиноға айналдырып жіберген екен ғой.
– Біздің министрліктің басқа бөлімдері немесе басқа мемлекеттік органдар туралы ештеңе айта алмаймын. Өз көргенімді ғана айтып отырмын.
– Сонда кімдерге шабуыл жасайтын едіңдер?
– Барлық оппозиционерлерге. Мемлекеттік саясатқа қарсы пікір білдірген кез келген адам біздің құрбанымыз болуы мүмкін еді. Бұл сізге де қатысты. Сондықтан сізден кешірім сұрамақшымын.
- Осы жұмыспен айналысқанда ешқандай ыңғайсыздық пайда болмады ма?
– Басында ондай ештеңе болған жоқ. Себебі жұмысқа кіріспес бұрын, біздің санамызды әбден улап алған болатын. Бұл адамдардың барлығы мемлекетіміздің жаулары, олардың көздегені билікке келіп, бар байлығымызды тартып алу ғана деген жаңсақ пікірге сендіріп қойды. Кейін сіз сынды адамдардың жазғандарын оқып, көзім ашыла бастады. Бірақ қарсы айтар уәжім болмаған соң, жеке басқа тиісу ғана қалатын. Мұндай жағдай таңсық емес шығар сізге.
– Рас, мұндай жағдай жиі болып тұрады. Бұлар «мемлекеттік тролльдар» дейсің ғой.
– Бәрі емес шығар, бірақ оларды, дәлірек айтсам, фейктерді оңай ажыратып алуға болады.
– Қалай?
– Енді, біріншіден, олардың «историясы» қысқа болады. Әдетте фейк аккаунттар белгілі бір мақсат үшін ашылып, көп ұзамай өшіріледі. Сондықтан жақында ғана, әрі кетсе жарты жыл бұрын ашылған аккаунт көрсеңіз, байқастаңыз.
Екіншіден, фейктер пост жазбайды. Бұған ойлану керек және ақша төленбейді. Бастықтар тек коменттер ғана талап етеді. Сондықтан бізде ешкім пост жазбайтын, тек репосттар ғана болатын.
Үшіншіден, фейктердің достары аз болады. Егер 10-15 досы бар акккаунт сіздің мазаңызды алса, фейк екені анық. Достарын қарасаңыз, өзі сияқты түсініксіз акккаунттар мен достықты қарамай қабылдай беретін блогерлер болады.
Төртіншіден, авалары мен фотоальбомдарында қисынсыз суреттер болады. Жаңадан келгендер әдетте аваға ит, мысық немесе жұлдыздың суретін қоя салады. Мен біраз тәжірибе жинаған соң, интернеттен кез келген адамның суретін тауып алып, соны қоятын болдым.
Бесіншіден, фейктердің аты-жөні мағынасыз болады. Қаншама фейк аккаунттарды ашып тастап, фантазияң тауысылған соң, ойыңа келген есімдерді жаза бересің.
– Иә, рахмет, Азамат! Біліп жүретін болдым. Кешірім сұрағаныңа ризамын. Ештен кеш жақсы дейді ғой. Қазір немен айналысасың, Азамат?
– Мемлекеттік қызметтен кеттім. Бір жарым жылдан аса өзіммен арпалысып шаршадым. Әрине негізгі жұмысымның елге деген пайдасы болатын, бірақ осындай «арнайы тасырмалар» түбіме жетті. Жалақысы да онша болмайтын. Жұмыста түнге дейін қалып, тіпті демалыстарда да шығуға тура келетін.
Сонымен, жұмыстан шығып, жеке меншік компанияға орналастым. Жалақы тұрақты емес, нәтижеңе байланысты, бірақ еркін график, ең бастысы – арым таза.
– Патриотизм ше? Елге қызмет етпейсің бе?
– Былай ғой, менің мемлекеттік қызметте айналысқанымның пайдасынан зияны көбірек болған сияқты. Билікке жағымсыз пікір айтқандарға, барлық басқаша ойлатындарға жала жауып, еліміздің құлдырауына үлес қосқандаймын. Осыны енді түсініп жатырмын. Сіздің де жазғандарыңыз маған әсер етті. Сізге рахмет, Марат аға!
– Саған да рахмет, Азамат! Бақытты бол! Азамат бол, бауырым!
COMMENTS