Таяуда бір кәсіпкермен әңгімелесіп, біраз қызық дүние естідім.
– Мен мемлекетке барлық салықтардыы төлеуге дайынмын. Біздің салықтар соншалықты жоғары да емес. Бірақ бір шартым бар: салықтарды барлығы төлеу қажет. Мен бұны еліме қатты жаным ашығандықтан емес, қара басымның қамымен айтып отырмын. Мен салықты толық төлеп, ал менің бәсекелестерім төлмесе, осы сомаға олар тауардың бағасын арзандата алады. Сонда тұтынушылар менің тауарымды емес, бәсекелестерімнің тауарын сатып алатын болады. Демек мен банкрот болам. Ал маған қарап отырған бала-шағам, жұмыскерлерім бар.
– Не істейсің сонда?
– Не істей алам? Мен де салық төлемеймін. Алдымен кеденде инвойсты төмендетем. Содан кеден бажы азаяды. Кейін бар тауарды кассадан өткізбеймін де, табыстың бір бөлігі қолма-қол ақшамен түседі. Тағы жалақыны конвертпен беремін. Осыдан «социалка», «пенсионка» мен «подоходныйға» да азырақ шығындалам.
Осындай ұсақ-түйекпен 15-20 пайыз айырмашылық жиналады. Ал бұл менің 10 пайыздық саудагерлік үстемемнен де асып түседі.
– Бұлай өмір сүруге болмайды ғой. Онсыз да мемлекетіміз кедей, халықтың тұрмысы нашар, мектептер мен аурухналар жетіспейді, жолдар жаман емес пе.
– Сен мені түсініп тұрған жоқсың. Менің де дамыған әрі өркениетті елде тұрғым келеді. Жетіскеннен тексерушілерге пара беріп жүргем жоқ. Бірақ олардың маған да, бәсекелестеріме де бірдей әділ қарамайынша, маған салық төлемеген тиімді.
Мемлекет ешкім салықтан қаша алмайтындай жағдай жасаса, мен салығымды төлеп, тыныш отыратын боламын.
– Пара беретін адам болмаса, алатын адам қайдан шығады. Кәсіпкерлердің барлығы бірауыздан тексерушілерге пара беруді тоқтатса, парақорлық та тиылмай ма?
– Білесің бе? Алдымен біз емес, олар алуды тоқтатсын. Ал бізден бастасақ, бірінші мен емес, бәсекелесім болғанын қалар едім. Сонда түзелуге дайынмын. Әзірше тексерушілерге де, бәсекелестеріме де сенбеймін.
– Қызық… Әділетті қоғамда өмір сүргіміз келеді, бірақ өзімізден бастағымыз келмейді. Әділдік қайдан келсін онда?
COMMENTS