Көзқарастары ұқсас адамдар, бір бірінен аумайтын адамдардай сирек кездеседі деп жатады.

       Алайда, көзқарасы менімен толық сәйкес келетін адам бар деп үміттенемін.

       Менің ұстанымым мынадай:

       1. Мен либерал-демократпын.

       Қоғамдағы тұлға еркіндігін, сөз бастандығы мен халық билігін қолдаймын. Билікті сайлау арқылы таңдап, ауыстырып отыру керек деп санаймын. Экономикадағы нарықтық қатынастар мен таза бәсекелестікті қолдаймын.

       2. Мен атеистпін.

       Мен құдайға сенбеймін. Барша әлемнің кеңістік пен уақыттағы шексіздігіне сенемін. Физика, химия, биология сынды ғылымдардың заңдылықтарына ғана сенемін. Бірақ либерал-демократ болғандықтан, құдайға сенетін адамдардың көзқарасына құрметпен қараймын (1 т. қараңыз).

       3. Мен интернационалистпін.

       Барлық нәсіл мен ұлт өкілдері тең әрі тату болу керек деп санаймын.

       4. Мен ұлтшылмын.

       Мен өз ұлтымның мәдениеті, дәстүрі мен тілін дамытуды жақтаймын. Бірақ өз ұлтымды өзге ұлттардан жоғары санамаймын. Кез келген адам өз ұлтының дамуына ат салысуға құқылы.

       5. Мен әйелдердің еркіндігін қолдаймын.

       Әйелдер ерлермен тең құқықты болу керек. Тұрмыста да теңсіздік болмауы қажет. Құл-келіндер мен қожайын-күйеулер болмау керек.

       6. Мен көп некелікті қолдаймын.

       Егер ері мен әйелі отбасына тағы бір ерді немесе әйелді қабылдауға шешім қабылдап жатса, өз еріктері. Екі, үш, төрт әйел алса да. Бұл жерде Исламның еш қатысы жоқ. Мен бұны тұлға еркіндігі тұрғысынан қолдаймын.

       7. Мен «совокқа» қарсымын.

       «Совок» деп тұлға еркіндігін шектеуді, жан-жақты мемлекеттік бақылауды, өз тағдырына деген жауапкершілікті мемлекетке артуды, өзгеше ойлатындарға деген төзімсіздікті, ксенофобияны, басқалардың байлығын қызғануды, барлығын бір қалыпқа салуды түсінемін.

       8. Мен диктаторларға, мысалы Путинге, қарсымын.

       Путин өз билігін қоғамда «совок» психологиясының ең тұрпайы бейнесін насихаттау арқылы жүргізуде. Сонымен қатар ол көрші бауырлас елдерге қатысты агрессиялық саясат ұстанып отыр.

       9. Мен азшылықтарға төзіммен қарап, олардың құқықтарын құрметтеуді қолдаймын.

       Бұл барлық азшылықтарға қатысты: сексуалды, ұлттық, діни және т.б.

       10. Мен игі дәстүрлерді қолдаймын.

       Маған қонақжайлылық, үлкенді құрметтеу, мұқтаж жандарға қамқорлық, өзара көмек көрсету (асар) сынды дәстүрлер ұнайды. Бұл дәстүрлер ұрпақтан-ұрпаққа сақталуы тиіс.

       Ал қанды кек қайтару, қыз алып қашу, ысырап той мен ас сынды дәстүрлерді жақтырмаймын. Бұл тозығы жеткен дәстүрлерден арылуымыз керек.

       11. Мен салауатты өмір салтын қолдаймын.

       Ішпеймін, темекі тартпаймын, ұйқымды қандырамын, майлы, қуырылған тағам жемеймін, спортпен шұғылданамын. Қоғамымызда білімді әрі денсаулығы мықты азаматтардың көп болғанын қалаймын.

       12. Мен циник әрі прагматикпін.

       Адам не істесе де, өзі үшін ғана істейді. Оның мүддесі айналадағылардың мүддесімен сәкес келуі де мүмкін, қайшы болуы да мүмкін. Егер тұлғаның мүддесі қоғамның мүддесіне қайшы болмаса, оны қолдау керек. Мысалы, адам бизнес ашып, байығысы келеді делік. Жақсы! Бизнес бастасын, өнім жасасын, жұмыс орындарын ашсын. Тұлғаның мұндай әрекеттері қоғамға тек пайда әкеледі. Ал тұлғаның мүддесі қоғамға зиянын тигізіп жатса, оны тоқтату қажет. Мысалы, біреу қылмыс жасап байымақ болса, оны түрмеге қамау керек.

       Менің ұстанымыммен толық келісетін бір адам болсын табылар ма екен?

 

Comments: 0