Бірде қонаққа тұрмысқа енді шыққан қарындасым жолдасымен қонаққа келді.

Жанарлары жайнап, қол ұстасып, ұяң жымыңдап олар бал айының қызған шағында жүр еді. Бәрі әдеттегідей.

Екеуіне қарап қуандым. Кезінде мен де олардай болғанмын.

Бірақ қырсық шалып, екеуімен сөз таластырып қалдым.

Қарындасым жарын тағдырдың берген сыйы санайды. Университет асханасында екеуінің көрші үстелдерге отыруы, қарындасымның қасығын түсіріп алуы жазмыш екен және осы сияқты мелодраматикалық сарындағы дүниелер.

Тыңдап отырдым да ақыры шыдамай, сұрақ қойдым:

-Сонда сол күні университет асханасында санитарлық күн жарияланса, екеуің кездеспей, өмір бойы бақытсыз болып өтетін едік деп санайсыңдар ма?

– Иә, – деп қарындасым шын абдырап қалды.

– Көңілің қалса да айтайын, қымбаттым. Сен басқа адамға жолығып, бақытты бола алар едің.

– Қалайша? Жоқ, бұл мүмкін емес, – деп жастар жауап берді де бір-бірінің қолдарын ұстады. – Біз жарасымды жұппыз ғой, қараңызшы.

– Иә, жарасып тұрсыңдар. Алайда сол жерде мінезі, тәрбиесі, өмірлік көзқарасы бойынша, ақыр-аяғында сексуалдық тұрғыдан әрқайсыңа жақсы жұп бола алатын ондаған қыз бен жігіт отырды. Айналып келгенде әрқайсың өздеріңе жарасымды жұпты таңдар едіңдер. Алғашқы танысқанда адамдар бір-біріне қарайлайды, ал осы сәтте жігіт өзінің ойынша ең сұлу, қайырымды, сүйкімді қызды таңдайды. Ал қыз өзінің назарын ең мейірбан, қайырымды, батыл жігітке аударады. «Махаббат химиясы» осылай жүзеге асады. Сонымен қатар жақсы жақсыға, жаман жаманға үйір болатынын айта кету керек. Сондықтан сендер жарасымды жұпсыңдар.

– Ал мен «қайшылықтар тартылады» деген сөзді естідім, – деп қарындасым қулықпен жымиды.

– Дұрыс, – деп байыппен келістім мен, – бірақ ұқсастың ішінде ғана. Барлық жақсы жігіттің арасынан сені ең батылына тартты, ал өзің қорқақсың. Сені прагматик адам баурап алды, ал өзің романтик тұлғасың. Осылай қарасақ, сендер әртүрлі адамсыңдар. Жалпы алғанда екеуің ұқсайсыңдар – тәрбиелі, білімді, қайырымды.

– Бірақ осынша жігіттің арасынан неге оны таңдадым? – деп сұрады қарындасым.

– Ал бұл кездейсоқтық. Саған лайықты жігіттердің арасынан оны таңдадың, енді сендер жарасымды жұпсыңдар. Саған лайықты басқа жігітпен де бақытты болар едің. Мүмкін ол сонша келбетті болмаса да ақылдырақ болар ма еді. Сондай батыл емес, бірақ қайырымдылау. Осылай кете береді. Тағдырың шамалы басқаша, бірақ бақытты ғұмыр кешер едің.

-Мен сонда да сенбеймін бұған, – деп қарындасым жымиды да жолдасына жабысты.

– Сенбей-ақ қой. Кейін жасың келгенде түсінесің. Тіпті өмірдегі көптеген жағдай да осы заңдылықтар мен кездейсоқтықтарға бағынатынын түсінесің. Мысалы, сен алаңғасарсың, демек жақында бір затыңды жоғалтуың заңдылық. Ал нақты қандай затты және қашан жоғалтуың кездейсоқтық. Жер бетінде тіршіліктің пайда болуы да заңдылық. Белгілі бір температура мен ылғалдылық кезіндегі химиялық элементтер органикалық қоспаларға айналар еді. Ал қашан және қай жерде орын алғаны – бұл толық кездейсоқтық.

Мен тағы да мысалдар мен дәлелдер келтірдім, тіршіліктің мәнін түсіндіруге тырыстым, бірақ олар маған құлақ аспаған сияқты. Тек бір-біріне қайта-қайта қарап, жұмбақ жымиып, қол ұстасып отырды.

Comments: 0