Путин 21-қыркүйекте мобилизация жариялаған соң Украинамен соғысқа барғысы келмеген ресейліктердің легі Қазақстанға ағылды.

Бұған қазақстандықтардың көзқарасы әртүрлі.

Қазақстандықтардың біразы наразы екенін айтып та жатыр. Әрине бұған себептер бар.

Бірінші.

Саны көп халыққа жұтылып кету қорқынышы. Көшпенді қазақтар ғасырлар бойы кең-байтақ жерге ие болса да, саны аз халық болып келді. Қазақтың жерін жоңғарлар, орыстар және тағы басқалар басып алғысы келді. Шапшаң әрі ұтқыр көшпенділерді қамал салып, қазақ даласын келімсектермен толтырып қана жеңуге болатын. Бұл әдісті патша үкіметі, кейін кеңестік Ресей де қолданды. Осылай Қазақстанда қазақтардың саны орыстардан аз болып қалды. Ақыры қазақтар тілін, мәдениетін жоғалтып ала жаздады. Бұл постотаршылдық синдром қазақтарда әлі де бар, сондықтан олар өз жерінде өзге ұлттардың көп болуынан қорқады.

Мәселе тіпті орыстарда емес, қорқынышта. Дәл солай қазақтар қытайлардың қаптап кетуінен қорқады.

Екінші себеп.

Ресейдің сыртқы саясаты. Ресей қазір фашистік-агрессор мемлекет. Сондықтан қазақстандықтардың бұл елге деген көзқарасы да осыған сай келеді. Олардың көпшілігі Украинаның жанкешті қарсылығы болмаса, Путиннің импершіл саясатының келесі нысаны Қазақстан, Балтық елдері, Польша болар еді деп санайды. Ресейдің саясатына наразылық біртіндеп ол елдің қарапайым азаматтарына деген салқындыққа әкеп соқты. Мұндай стереотип өркениетті Еуропа елдерінде қалыптасып, орыстарды жек көру артып келеді.

Үшінші себеп.

Көптеген қазақстандық келген ресейліктерді Путиннің импершіл саясатын таратушылар деп қабылдайды. Ресейдің Украинаға басқыншылығы басталған кезде келген алғашқы толқын мигранттары әлдеқайда саналы және оппозицияшыл. Олар соғысқа қарсы болғандықтан елден кетті. Мобилизация жарияланған соң келген екінші толқын мигранттары соғастан гөрі мобилизацияға қарсы. Олардың арасында Ресей империясын жаңғырту идеясын қолдап, бірақ өздері майданға аттанғысы келмейтіндер болуы мүмкін. Мобилизация болмаса, олар Ресей әскерінің жеңістеріне және елдің батысқа қарай кеңеюіне қуанып, үйлерінде отыра берер ме еді.

Мұндай ресейліктер Қазақстан үшін қауіпті және Ресеймен қарым-қатынасымыз шиеленісе қалса, қарсы жаққа жақтасуы ықтимал.

Төртінші себеп.

Келімсектердің қаптауының жағымсыз әлеуметтік-экономикалық салдары.

Қазақстандағы қалалардың инфрақұрылымы мұндай салмаққа дайын емес, сондықтан кей жерде кезектер байқалады, пәтер жалдау, тауарлар мен азық-түлік қымбаттады. Біреулер үшін пәтердің ақысын көтерді немесе тіпті пәтерден шығарып жіберді, ал басқалардың бұрын алып жүрген кейбір азық-түлікке қолы жетпей қалды.

Алайда қазақстандық қоғамның басқа бөлігі келіп жатқан ресейліктерге мейіріммен қарайды. Бұның да бірнеше себебі бар.

Бірінші.

Адамгершілік қағидалары. Келіп жатқан адамдардың көпшілігі саясаттан алыс адамдар. Олар ешкіммен соғыспай, өз елінде бейбіт өмір сүргісі келді. Иә, олардың Путин режиміне қарсы шығуға батылдығы жетпейді, бірақ кез келген елде көпшілік саясаттан алыс болмайды емес пе. Назарбаев кезіндегі өзімізді еске алыңыздар. Көбіміз алаңға шықтық па? Әрине ондайлар өте аз. Ресейде де солай. Ең белсенді азаматтар не қамауда отыр, не шетелге кетіп қалды. Қазір мобилизациядан қашқандар Ресейде қалып, соғысқа аттануға дайын отырғандардан әлдеқайда саналы. Сондықтан келген ресейліктерге рақымшылық пен көмек қажет.Ал қонақжайлылық пен мейірбандық қазақтарға әуелден тән қасиеттер.

Екінші.

Геосаясат. Қазақстандықтардың басым көпшілігі Украинаның тәуелсіздігін қолдайды және соғыста жеңіс тілейді, ал Путиннің ойсыра жеңіліп, Гаага трибуналында сотталғанын қалайды. Ал Мәскеудің мобилизация туралы жоспары іске аспай, майданда сарбаздардың жетіспеуі Ресейдің жеңілісін жақындата түседі. Сондықтан әскерге жарамды еркектердің Ресейден көптеп қашуы Путиннің қарсыластарына пайдалы.

Үшінші.

Экономикалық.

Ресейліктердің көптеп келуін бизнес иелері қосымша табыс табу мүмкіндігі ретінде қарастырады. Қонақүйлер, жалға пәтер беретіндер, мейрамханалар, кафелер, шаштараздар қыруар табыс табады. Мемлекеттік қазынаға да қосымша салық түседі.

Қорытындылар.

Менің ойым мынау.

Бірінші.

Ресейліктердің Қазақстанға келуіне кедергі келтірмеу керек. Қиын жағдайға тап болғандарға көмек қолын созбау біздің дәстүрімізге және жалпыадамзаттық құндылықтарға жат.

Күнін көре алмай қалғандарға қолдан келгенше көмектесу қажет. Қазір шекара мен қалалардағы еріктілер бұл іспен айналысып та жатыр.

Екінші.

Ресейліктердің келуінен өзіміздің үлкен қалаларда тұратын азаматтар жапа шегіп қалмауы тиіс. Мегаполистердің инфрақұрылымына салмақ түсірмеу үшін мемлекет келімсектерді ел бойынша бөліп тастау керек. Бұл шаруаны ХҚКО-да мигранттарды тіркеу кезінде жүзеге асыруға болады. Оларды қажет елді мекендерге жеткізу үшін мемлекет ақшасын жұмсауға тура келуі мүмкін. Бұл шығындар оң нәтижесін береді деп ойлаймын.

Үшінші.

Мемлекет елге деструктивті элементтерді кіргізбеуге шара қолдануы қажет. Қылмыскерлермен қатар әлеуметтік желілерде импершіл көзқарасты тарататын, Украинадағы соғысты қолдайтын, елімізді, тарихымызды, мәдениетімізді, тілімізді құрметтемейтін адамдарды елге кіргізбей, персона нон грата деп жариялау керек. Мұндай адамдарға Қазақстанда орын жоқ.

Қауіпті элементтерді қалай анықтауға болады?

Ұзын-сонар кептеліс болмас үшін шекарада тексерудің қажеті жоқ. Барлығын өткізіп, кейін өз жерімізде арандатушыларды анықтап, кері қайтарған дұрыс. Оларды анықтауға Қазақстан азаматтары да ат салыса алады. Келімсектердің кері қылықтарын байқаса, бірден құқық қорғау органдарына хабар берген жөн.

Қонақжайлылығымызды келімсектердің пайдалануына жол бермеу керек. Дау-жанжал мен қақтығыстарды болдырмас үшін агрессия, арандату, менмендік белгілері байқалғанда бірден тоқтатып отыру қажет.

Comments: 0