Бізге жеткен киелі кітаптарда (Тәурат, Інжіл, Құран және т.б.) құдай бәрін білуші деп жазылған, ол бәрін біледі, яғни жерде, суда, көкте не болғанын, не болып жатқанын және не боларын.

Ол Жердегі бар жаратылыс атаулыны тудырып, олардың тағдырын анықтап қойды.

Демек, ол адамның қашан дүниеге келіп, қанша жасап, қалай өмір сүретінін және қашан қайтыс болатынын алдын-ала біледі. «Құдайдың рұқсатынсыз адам басынан бір тал шаш та түспейді» деген сөз бар ғой.

Алайда бірден мынадай сұрақ туады: онда құдай адамға неге сонша сынақ жібереді? Құдай адамның сынақтан өтетінін немесе өте алмайтынын білмей ме?

Неге құдай адамды азғырып, кейін арбалғаны үшін оған ашуланады? Құдай адам тағдырын анықтап қойған болса, оның сынақтан өтетінін немесе өте алмайтынын алдын-ала біледі. Олай болса, құдай неге ашуланады? Үміт ақталмағанда ашулану – бұл жағымсыз реакция. Демек, құдай адам сынақтан өтеді деп әрдайым үміттенеді. Онда құдай істің ақырын білмейді деген сөз. Ендеше құдай бәрін білуші емес.

Киелі кітаптар Құдайға сенуге шақырады. Ары қарай жұмақ пен тозақ сипатталады. Құдай әр адамның тағдырын білсе, дінге шақырудың мәні не? Құдай адамның дінге келер-келмесін біледі ғой. Ал құдай дінге шақырып, үрейлендіретін болса, ол істің ақырын және адамның тағдырын толық білмейді деген сөз. Демек, құдай бәрін білуші емес.

Жалпы дін өз-өзін тұйыққа тіреді.

Құдай бәрін білуші болса, сценариін өзі жазып, фильм түсіріп, ал кейін көрсетілімде фильмнің соңында бас кейіпкер сынақтан өте ала ма, өте алмай ма деп қалшылдап отырған адамға ұқсап, орынсыз көрінеді.

Құдай әр адамның тағдырын білмесе, онда ол бәрін білуші емес.

Құдай бәрін білуші деген тұжырым діндегі басты негіздердің бірі.

Құдай бәрін көреді, біледі дегенге күмәнмен қараса, жалпы дін құрдымға кетеді. Бұл құдайды алдауға, одан жасырынуға, оның жазғанынан ауытқуға болады деген сөз. Ал адам тағдырын өзі анықтай алатын болса, құдайдыі мәні мен қуаты не? Құдаймен немесе құдайсыз адам өз тағдырының иесі және қай жолды таңдарын өзі шешеді. Онда құдайдың орны қандай? Демек, құдай жоқ деген сөз.

Comments: 0