Бәріміздің басымыздан өткен дилемма шығар: дау-жанжалда кімнің жағына шығу керек – саған жақын адамның жағына ма әлде аққа жақ болу ма (жақын адамыңның ісі әрдайым жөн бола бермейді ғой).

Мысалы, ұлыңыз аулада көрші балаға тиіседі. Сосын ол баланың әкесі шығып, сіздің ұлыңызға сазайын тартқызады. Ұлыңызға болысу керек сияқты, бірақ кінәлі өзі.

Немесе кешке аулада келе жатырсыз. Ал онда достарыңыз бір бөтен адамға тиісіп жатыр. Бір жағынан әлгі адамға жаныңыз ашиды, араша болу керек сиықты, бірақ тиісіп жатқан сізге жақын адамдар.

Тағы бір мысал. Қазақстан азаматының АҚШ-тағы терактіге қатысы бар. Оны ұстап, соттайды. Террористерге көмектесу әрине оңбағандық, бірақ америкалықтар біздің азаматты соттап жатыр ғой.

Осы оқиғаларда кімге жақ болмақ керек?

Оңай таңдау емес әрине.

Өзім бір ұстанымға келу үшін біраз уақыт жұмсап, ақыры мынадай қысқа да нұсқа формулаға тоқтадым:

Бұл формуланың мәні неде?

Кез келген жанжалда қолымнан келсе, зорлық-зомбылыққа жол бермеуге тырысамын. Кім кімге күш көрсеткені маңызды емес. Төбелесті тоқтату керек. Өркениетті адам арасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ.

Екінші, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін анықтап алу керек. Жақын не жат екеніне қарамастан, аққа жақ болу қажет.

Осы қағидам үшін достарым пен әріптестерімнің маған ренжіген кездері де болды. Бірде досым біреумен төбелесіп қалып, оларды ажыратып, кімдікі дұрыс екенін сұрастыра бастадым. Досым мән-жайды анықтамай, бірден неге көмекке келмедің деп ренжіді.

Әрине оны түсінуге болады. Әр адам жақындары кез келген уақытта көмекке келіп, қолдағанын қалайды.

Алайда менің ұстанымым өзгеше.

Мен үшін әділдік бәрінен жоғары. Тура биде туған жоқ. Тек әділет үстем болған қоғамда тәртіп орнап, бассыздық болмайды.

P.S. Жоғарыдағы формуламен байланысты тағы бір қағидам бар: «Жақыныңды жатқа жем қылма».

Бұл нені білдіреді?

Жанжалға жақын адам кінәлі болса, жазасын да жақындары беру керек.

Жат адамдарға жем қылмау керек.

Бала кезімде ауламыздағы балалардың арасында өте беделді және әділ серкеміз болды. Бірде «Біздікілерді ұрып жатыр!» деген шу шығып, бәріміз көрші аулаға жүгіріп бардық. Ол жақта біздің бір баланы ұрып-соғып, жазалайын деп жатыр екен. Біздің атаманымыз бірден төбелес бастамады. Барлығын тоқтатып, не болғанын айтып беруді сұрады. Біздің досымыз велосипед ұрламақ болған жерінде ұсталған екен. Атаманымыз сәл ойланды да, былай деді: «Иә, ұрлық жасау дұрыс емес әрине. Ол қателесті, мен ол үшін жауап беремін. Міне ақша, өздеріңе анау-мынау аларсыңдар.Ал бұл жағдай туралы ұмытайық». Біздің атаман сыйлы болғандықтан бәрі келісті де, досымызды жібере салды. Ал ұрлықшы болуға шақ қалған досымызды аулаға алып келіп, енді ұрлық жасау ойына да кірмейтіндей етіп өзіміз сазайын тарттырдық.

Менде кейін осылай істей бастадым.

Осы екі қарапайым қағида қиын жағдайларда маған дұрыс таңдау жасауға көмектеседі: кімге жақ болу керек, жақының ма, аққа ма, ал жақының жаңылса, не істемек керек.

Comments: 0