Бұрыннан білетін бір танысым еліміздегі казинолар мен тотализаторларға қарсы күресте қолдауымды өтінді. Ойынханалар әкелетін бар зардапты басынан кешкен ол ұлынан айырылып қала жаздады. Ойынқұмар ұлы бар мүлкін салып жіберіпті, әйелі балаларын алып кетіп қалыпты, қазір емделіп жатыр екен.
Әрине ананы түсінемін. Бұл ол үшін ауыр қайғы. Үміт артқан, сүйенішім болады деген жалғыз ұлы бейшара халге түсіп қалды.
Ойынханаларды мен де ұнатпаймын. Себебі олар адамның психикасын бұзып, еңбек етпей-ақ тез байып кетуге болады деген жалған түсінік қалыптастырады. Шындап келсек, олар қоғамдағы мыңдаған адамның жанын улап отыр.
Алайда либерал ретінде танысымның ұстанымын қолдай алмаймын. Зорлық-зомбылық жасамайтын, адамдардың құқықтары мен еркіндіктеріне нұқсан келтірмейтін кез келген іс-әрекетке тыйым салуға болмайды деп санаймын.
Ойнау немесе ойнамау – бұл әр адамның жеке шаруасы. Қоғам ретінде біз оның таңдауына араласа алмаймыз. Менің казинолар мен тотализаторларға деген көзқарасым ішімдік, темекі мен есірткіге қатысты қарым-қатынасыммен ұқсас. Мен бұларды әр адам үшін зиян және қауіпті деп санаймын, бірақ адамдарға өз денсаулығын, психикасын және болашағын құртуға тыйым сала алмаймын. Әр адамнның тағдыры өз қолында.
COMMENTS