Әртүрлі жағдай болады.

Бірінші – дүкенге турист кіріп, өз тілінде сатушымен сөйлесе бастайды, ал сатушы оның тілін білсе де, ол тілде жауап бермейді.

Францияда жиі осындаймен ұшырастым. Көптеген француз ағылшын тілін жақтырмайды, білсе де, сөйлемеуге тырысады. Бұл ағылшынның француз тілін ығыстырып, әлемде үстемдік құруын қызғану болар.

Алайда фрацуздардың бұл қылығын орынды деп айта алмаймын. Турист Парижде бірнеше күн ғана болады, ал сол үшін французша үйренудің мәні жоқ.

Дәл осылай елге келген ресейліктен қазақша білуді талап ету қисынсыз. Ол қазір мобилизациядан қашып жүр, бірнеше айдан соң үйіне қайтады. Ол үшін қазақ тілін үйренудің қандай мәні бар? Ал отаршылдық пен Кеңес Одағы кезіндегі қазақ тіліне жасалған қысым үшін оны кінәлап, өш алудың жөні жоқ. Кекшілдік игі қасиет емес.

Орысша білмейтін қазақ сатушы тек қазақша жауп берсе, бұл басқа жағдай. Қазақша ғана білсе де, сатып алушыға жылы шырай танытып, бар ынтасымен көмектескісі келсе, ондай сатушы құрметке лайық.

Иә, орысша білетін сатушы қазаққа немесе жергілікті орысқа әдейі орысша жауап бермейтін жағдайлар болады. Сатушының мұндай қылығын қолдамаймын, бірақ оны түсінуге болады. Ол Қазақстан азаматтары, әсіресе қазақтар, қазақша сөйлемейтініне қынжылады. Осылай оларды қазақша сөйлеуге итермелесем дейді.

Ал енді мындай жағдай болуы мүмкін: Қазақстанда орысша сөйлейтін сатып алушы дүкенге кіріп, орысша қызмет көрсетуді талап етеді. Ресейден соғыстан қашып келген және Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп қабылдамайтын шовинист болсын, Отанының мемлекеттік тілін үйренгісі келмейтін орыс тілді қазақстандық болсын, қазақ сатушыдан Қазақстанда орысша қызмет көрсетуді талап ету – бұл заңсыз талап.

Ал керісінше жағдай болса, қазақ тілді Қазақстан азаматы дүкенде мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап етсе, қандай сатушы болмасын, сатып алушыға қазақша жауап беруге міндетті. Себебі бұл Қазақстан, ал қазақ тілі – мемлекеттік тіл.

Әртүрлі жағдай болатынын байқадық. Барлығына біржақты қарамауымыз керек.

Алайда кез келген жағдайда келесі қағидаларды ұстанған жөн сияқты:

1. Туристерден мемлекеттік тілде сөйлеуді талап етуге болмайды. Алайда олар елге құрметін білдіріп, қарапайым сөздерді үйренуге құлшынып жатса, оларды қолдап, алғыс айтқан жөн.

2. Елге келген туристерге барынша көмектесу қажет, ал жергілікті тұрғындар шет тілін білсе, тіпті жақсы.

3. Мемлекеттік тілді білетіндер өз клиенттеріне ондай талап қоймауы тиіс. Ал мемлекеттік тілде қызмет көрсету заңмен бекітілген және мұндай талап орындалуы тиіс.

4. Туристер өз ана тілінде қызмет көрсетуді талап етпеуі тиіс. Біреу оларға түсінетін тілде қызмет көрсетіп жатса, ризашылығын білдере алады, бірақ талап ете алмайды.

Comments: 0