Біздің қоғамда эгоизм теріс мінез саналады. Әдетте эгоистер өздерін ғана ойлап, қоғамның мүддесін менсінбейді, сондықтан оларды ешкім ұнатпайды деген көзқарас бар.

Шындап келгенде бұл ұғымға мына әмбебап ережені қолданар едім: «Кез келген дүние дауа да, у да бола алады. Мәселе тек мөлшерде».

Эгозим адамның негізгі екі түйсігіне негізделеді: өзін-өзі сақтау түйсігі және ұрпақ қалдыру түйсігі. Әрине бұлар алдымен адамның өз мүддесін қанағаттандыруға қызмет етеді. Эгоизмінің арқасында адам ақша, билік, атақ сынды ресурстарды иемденіп, бар жақсыға қол жеткізуге ұмтылады.

Алайда адамның бұл талпынысы басқаларға зиянын тигізеді деген сөз емес. Жиі қоғамның да мүдделерімен сай келіп жатады.

Мысалы, бай болғысы келген адам компания ашады, жұмысқа қызметкер алады, өнім шығарады және оны сатады, өзі де ақша табады, қоғамға да пайдасын тигізеді.

Байлыққа жету үшін адам ұрлық жасаса, қазына қаржысын жымқырса, жұмыскерлерінің ақысын жесе, бұл басқа әңгіме. Мұндайда адамның эгоизмі қоғам мүддесіне айқын қайшы келеді.

Билік те дәл солай. Саясаткер жоғары лауазымға таласқанда ел азаматтарының мүддесін қорғауға ат салысады. Мұндай саясаткерді қоғам қолдайды, бірақ бұл адам билікке өз эгосын қанағаттандыру үшін таласып жатқанын барлығы түсінеді.

Саясаткер өз мүддесін мемлекеттің мүддесінен жоғары қоя бастағанда эгоизм қоғамға зиянын тигізе бастайды. Қоғам мұндай басшыдан құтылуға тырысады.

Бұл механизм атаққа қатысты да осылай жұмыс істейді. Актёр, әнші немесе спортшы атақ үшін жанын салып, қоғамға қуаныш сыйлайды немесе жеңістерімен мемлекетінің атын шығарады, мұндай эгоизмді қоғам жақсы қабылдайды. Жұрт оларды қолдайды, жетістіктеріне қуанады.

Кумирлердің біреуі адамгершілікке жат қылық жасаса, яғни қоғамының негіздеріне қарсы шықса, қоғам одан теріс айналады.

Адам эгоизмі қоғамға зиянын тигізбесе, керісінше пайдалы болса, адамның байлыққа, билікке және атаққа деген ұмтылысын қолдау керек. Адам эгоизмі қоғам мүдделеріне қайшы келе бастағанда бірден қарсы шығу қажет.

Comments: 0