3 бөлім. Қоғамдық тәртіпті сақтау.

Қазір Қазақстандағы көптеген қалада жолдарда және басқа жерде қоғамдық тәртіпті бақылау камералары мен регистраторлары орнатылған.

Бұл камералардың басым көпшілігін бір компания – «SergekGroup» қойған. Компанияның осындай басымдыққа ие болғанына біраз уақыт өтті, бірақ компанияның айрықша құқыққа ие болғаны және конкурска басқа компаниялар қатысқаны туралы ашық құжат жоқ. Ал «Сергек» жүйесінің ауқымы жыл санап өсіп келеді де, бұл туралы үкіметтік БАҚ пен құқық қорғау органдары қуана жар салады.

Қоғамдық тәртіпті сақтау саласын цифрландыруға қарсы емес екенімді бірден айтқым келеді. Керісінше, камералар көп болғанын қалаймын: көшелерде, мектептерде, балабақшаларда, тіпті түрмелерде. Бұл өмірімізді әлдеқайда қауіпсіз етеді.

Алайда мен мемлекеттің бір команияға ерекше жағдай жасап, бұл саладағы бәсекеге кедергі болуына қарсымын.

Ал бұл шаруаны қалай ұйымдастырған жөн болар еді?

Ішкі істер министрлігі алдымен бейнебақылау бағдарламаларына және ақпарат қауіпсіздігіне қатысты техникалық талаптарды бекітуі тиіс еді. Бұдан кейін әр қаланың немесе ауданның әкімдігі конкурс жариялауы керек еді. Конкурста жеңген компания өз қаражатына камераларды орнатып, бағдарламамен жабдықтайды да, жедел әрекет ету орталықтарымен, яғни әр аудандағы, қаладағы ішкі істер бөлімімен байланыстырады. Конкурста қандай компания жеңсе де, қандай камера және бағдарлама орнатылса да, барлық бейнеақпарат бір форматта ішкі істер бөлімдеріне жіберіледі.

Камераларды сатып алу және олардың жұмыс істеп тұруын қамтамасыз ету үшін мемлекет серіктес компанияға жолда тіркелген айыппұлдің бір бөлігін беруі керек. Ал көшеде, аулада, мектепте және тағы басқа жердегі камералар үшін мемлекет инвестордың шығынын өтеуі тиіс.

Осылай ондаған жеке инвестор мен кәсіпкер өз қаражатына көптеген камера орнатып, пайда табар еді. Ал мемлекет бюджеттен ақша шығармай-ақ қылмыстық ахуалды бақылауға алатын болады. Ел азаматтары барлық жерде өздерін қауіпсіз сезіне алар еді.

Осылау болуы тиіс еді.

Comments: 0