Адамдардың ұлтын құжаттарда жазудың қажеттілігі туралы пікірталас әлеуметтік желілерде өршіп барады.

Мемлекет ішіндегі және мемлекетаралық ресми қатынастарда адам туралы заңды салдары бар және нақты ресми ақпарат маңызды деген көзқарасты ұстанамын. Мысалы, төлқұжатында Қазақстан азаматы деген жазуы бар адам Отанына кез келген уақытта ешқандай визасыз орала алады. Қазақстана Республикасының резиденті деп тіркелсе, Қазақстан Республикасында салық төлеуі керек.

Міне осындай мәліметтердің заңды салдары бар, ал адамды ресми емес белгілер бойынша айқындайтын мәліметтерді мемлекеттік құжаттарда жазудың қажеті жоқ.

Мысалы, құжатта адамның діни сенімін көрсету жөнсіз деп санаймын. Біріншіден, бұл әр адамның жеке шаруасы. Екіншіден, бұның заңды салдары жоқ. Діни көзқарасына бола адамды бөліп-жаруға немесе қысым көрсетуге болмайды.

Осының бәрі адамның ұлтына да қатысты. Қазақстан Республикасында адамның ұлтына қатысты мемлекеттік құқықтық қатынастар жоқ. Бізде белгілі бір ұлт өкілдерін мемлекеттік қызметке, ЖОО-дарына, мектептерге және жеке компанияларға (әйтеуір Конституцияда) іріктеу жоқ. Сондықтан мемлекеттік құжаттарда адамның ұлтын көрсетудің қажеті жоқ деп санаймын.

Сонымен қоса жеке куәліктен адамның туған жері туралы жазбаны да алып тастау керек деп санаймын. Мысалы, қазір менің куәлігімде «Туған жері – Қызылорда облысы» деп жазылып тұр. Менің күнделікті өміріме бұл ақпараттың қандай қатысы бар? Қызылорда облысында туғаным үшін менің мемлекеттік мекемеге, дүкенге, мейрамханаға кіруіме немесе белгілі бір қызметке қол жеткізуіме тыйым салына ма? Жоқ. Онда бұл не үшін қажет? Мемлекеттік құжаттағы бұл мәлімет трайбалистік көңіл-күйді өршітіп, Қазақстан азаматтары арасында жершілдікке орай алауыздықты тудырады. Сондықтан мұндай жазбаның еш пайдасы жоқ.

Осылай жалғастыра берсе, жыныстық ориентацияға, тағамға, муызкаға, әдебиетке, киноға және тағы басқаға қатысты таңдауы әр адамның жеке шаруасы және оған мемлекеттің еш қатысы жоқ. Сондықтан бұл мәліметтер ұлт пен туған жер сынды мемлекеттік құжаттарды жазылмауы тиіс.

Ал «Азаматтық» деген бағанда «Қазақстандық» немесе «Қазақ» деп жазылуын жақтау басқа шаруа. Бұл жерде әңгіме мүлдем басқада, яғни этникалық тамыр емес, азаматтық туралы болып тұр. Осы тұрғыда мен елімізді «Қазақстан Республикасы» емес, «Қазақ Республикасы» деп атауды жақтаймын. Сонда «қазақстандық» деген сөз өздігінен жоғалып кетеді де, «қазақ» адамның азаматтығын білдіретін сөз ретінде орнығады. Сонымен қатар ешкімді өз этникалық түп-тамырынан бас тартуға мәжбүрлемейді. Кез келген адам былай деп айта алады: «мен – шыққан тегім неміс қазақпын» немесе «мен – шыққан тегім кәріс қазақпын». Мысалы, Францияда былай дейді: «мен – шыққан тегім алжирлік французбын» немесе Ұлыбританияда: «мен – шыққан тегім үнді британдықпын». Әрине, өздері қаласа.

«Онда Қазақстан азаматтарының ұлттық құрамын қалай есептеу керек? Мемлекет статистикалық мақсат үшін халқының ұлттық құрамын білуі тиіс қой». Өте оңай. Халық санағы кезінде азаматтар өздері қаласа, ұлтын көрсете алады және бұл ақпарат мемлекеттік электрондық қорларда қалады. Бұл ақпараттың шындығы куәліктегі жазбадан кем түспейді. Екі жағдайда да ол азаматтың өз айтуымен жазылады. Сондықтан статистикалық ақпарат жоғалады деп қорқудың қажеті жоқ. Жасырын түрде ол әрдайым болады, бірақ күнделікті өмірде куәліктегідей көзге оттай басыла бермейді.

Comments: 0