Менің пайымдауымдағы Қазақстанның ұлттық және тілдік моделі.
Қазақстан көпұлтты мемлекет болып қала береді. Ұлты мен нәсіліне қатысты ешкімге қысым көрсетілмейді. Дүние есігін ашарда ұлтын ешкім таңдай алмайды, сондықтан адамның ұлты ешқандай артықшылық та, кемшілік те емес.
Қазақстанда барлық этностар мойындалып, құрметке ие болады. Диаспоралардың ұлттық-мәдени орталықтары болады, олар этникалық ерекшеліктерін сақтап қала алады, бірақ мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ ұлтының мәдениетіне басымдылық беріледі. Бұл жерде ресейлік татарларды, шешендерді, якуттарды немесе тегі алжирлік, марокколық француздарды мысалға келтіруге болады.
Мемлекеттік тіл қазақ тілі болады.
Кез келген ұйымда мемлекеттік тілде қызмет алуға мүмкін болады. Ұйымдарға басқа тілде қызмет көрсетуге рұқсат беріледі, бірақ міндеттелмейді.
Барлық мемлекеттік ұйымдардың жиындары мен құжаттары қазақша жүргізіледі. Мемұйымдар азаматтарға қазақша жауап беруге міндетті болады. Өтпелі кезеңде азаматтардың талабы бойынша жауаптар орыс тілінде де беріледі (3 жыл).
Мемлекеттік мектептердің бастауыш сыныптарында оқу қазақ тілінде жүреді. Орта және жоғары сыныптарда қазақ және ағылшын тілдерінде. Орыс тіліндегі сабақтар саны біртіндеп қысқартылады (6-7 жыл). Бұл орыс тіліне қысым көрсету емес, оны мемлекеттік субсидиялауды қысқарту. Орыс тілін немесе басқа кез келген тілді азаматтар жеке меншік мектептер мен үйірмелерде игере алады.
Азаматтарға өзара орыс немесе кез келген басқа тілде сөйлесуге тиым болмайды. Тілге қатысты қысым көрсету заңмен жазаланатын болады.
COMMENTS