Бүгінгі Қазақстанда ұлт мәселесі өте өзекті болып тұр.

Еліміз алуан түрлі ұлт өклінің мекені болғандықтан, бұл мәселе күн тәртібінен түсе қоймас.

«Ұлтшылдық» сөзін алатын болсақ, біреулер бұл сөзге жиіркене қараса, басқалар өздерін ұлтшылмын деп атауды мәртебе санайды.

Кімдікі жөн?

Википедия былай дейді:

«Ұлтшылдық(орыс. Национализм, фр. nationalisme) – саяси және ұлттық бірліктер сәйкес келуі керек дейтін саяси принцип. Ұлтшылдық идеологиясы бойынша ұлт пен ұлттық мемлекет әлеуметтік-саяси ұйымдасудың ең жоғары формасы болып табылады және осы бойынша бүкіл әлеммен қабылдану керек. Адамдар игілікке, тұрақтылыққа, бақытқа тек ұлт құрамында, ұлттық мемлекеттер де қол жеткізеді деп түсіну қалыптасқан».

Берілген анықтама екіұшты екенін байқауға болады.

Өзге ұлт өкілдерін кемсіту немесе оларға қысым жасау туралы бір ауыз айтылмаған.

Сонымен қатар «ұлт пен ұлттық мемлекет әлеуметтік-саяси ұйымдасудың ең жоғары формасы болып табылады» деген сөздер бар, яғни ұлтшылдар алдымен өздерін қазақ немес орыс сезініп, сосын ғана қазақстандықпын деп таниды. Ұлт мен мемлекет мүддесі қайшы келсе, олар ұлтының мүдесін басым қояды деген сөз.

«Ұлтшылдық» ұғымын бұлай қабылдау теріс әрі елімізге зиян деп білемін.

Ал өз ұлтының тілін, ділін, салт-дәстүрін сақтап, дамытумен қатар басқа ұлт өкілдеріне де құрметпен қарап, бірлік пен татулықты насихаттап жүрген адамдарды қалай атаймыз? Мысалы, алуан түрлі дисапораның басын қосу мақсатында елімізде көптеген ұлттық-мәдени орталықтар ашылған. Бұл орталықтарды теріс және елімізге зиян деп айтуға бола ма? Ешкім ұлты мен шығу тегін жасырмауы қажет деп ойлаймын. Ұлттық болмыс мен құндылықтарды сақтауға барынша жағдай жасалуы тиіс.

Бірақ бір шарт орындалуы тиіс.

Барлық ұлт өкілі ортақ мемлекетіміз Қазақстан Республикасынң мүддесін өз этносы мен басқа мемлекеттердің мүддесінен биік қоюы керек. Қарапаймы мысал, Ресей мен Қазақстан арасында қақтығыс туындап жатса (құдай сақтасын әрине), қазақстандық орыс елімізді қорғауы тиіс, ал, мысалы, футболда неміс Бундесмандшафтқа емес, Қазақстанға жанкүйер болуы керек.

Бұл қазақтардың өздеріне де қатысты. Еліміздің барлық азаматтарының мүддесі жекелеген қазақтардың мүддесінен басым болуы қажет. Демек Қазақстанда қазақтар басқа ұлт өкілдерінен биік болу керек деген пікір ұстанатын адамды ұлтшыл емес, шовинистің дәл өзі.

Шовинизм деген ұғымға Википедия былай анықтама береді:

«Шовини́зм (фр. chauvinisme) —өз ұлтын, қоғамын, адамдар тобын басқалардан артық көріп, асыра бағалайтын идеология».

Сонымен жоғарыда аталған екі ұғымның ара жігін біржола ажыратып алғанымыз жөн.

«Ұлтшылдықты» өз ұлтының дамуына назар аударатын, басқа ұлт өкілдерімен бірлік пен татулықты дәріптейтін, этникалық мүдделерден мемлекеттік мүдделерді жоғары қоятын оң құбылыс деп бағалаған жөн.

«Шовинизмге» заң жүзінде тыйым салып, бір этностың басымдыққа ие болып, басқаларға қысым көрсетуіне жол бермеуге міндеттіміз.

Comments: 0