Теңге бағамының жиі ауытқуы тудыратын қолайсыздықтарға байланысты еліміздің экономикасын долларсыздандыру қажет деген үндеулер көптеп естіле бастады.
Жалпы долларсыздандырудың мәнін ашып көрейік.
Алдымен мына екі құбылыстың, яғни бағалардың долларға тәуелділігі мен доллармен есеп айырысудың ара жігін ажыратып алған жөн.
Бағалардың долларға тәуелділігі дегеніміз тауар үшін теңгемен төлем жасалғанымен, тауардың бағасы шарты ақша бірлігін теңгенің сол уақыттағы теңге курсына көбейті арұылы есептеледі деген сөз. Барлық сатушылар мен сатып алушылар әрдайым валюта бағамына алаңдаумен болады да, долларға деген психологиялық кіріптарлық пайда болады. Бұл өз кезегінде экономикалық қатынастарға тұрақсыздық әкеледі. Бағаға ілесе төлемақылар сомасы да өзгеріп, ұзақмерзімді жоспарлар жасау мүмкін болмай қалады. Тіпті мемлекеттік бюджетті бекіте алмай қалдық. Сонымен қатар бағалар доллар бағамымен қатар өсетінін есепке алсақ, жалақы, зейнетақы, жәрдемақы мен шәкіртақы сомасы бұл қарқынға ілесе алмасы анық. Сондықтан теңге бағамы төмендегенде табысын теңгемен алатындар зиян шегеді.
Әрине бұл жағдай ел экономикасы мен азаматтары үшін теріс әсер етеді. Бірақ доллардың кінәсі қандай?
Шындап келгенде, теңге бағамы құлдырағанда, доллардың құны өзгермейді. Яғни теңге ғана құнсызданады, ал доллардың әлемнің басқа валюталарына қатысты бағамы сол қалпында қалады. Сонда неге біз долларды жау санап, оған қарсы соғыс ашпақпыз? Теңгенің құнсыз болуын доллардан көріп, долларға тиым салғымыз келеді? Бұл жоғары температураны көрсетіп тұрған термометрге күн неге ыстық деп ренжігенмен бірдей емес пе!
Жалпы шетелдік валютасыз-ақ өмір сүруге болмай ма?
Біздің елде күнделікті қажет тауарлардың барлығын, наннан бастап жер серіктеріне дейін, жіптен бастап компьютерлерге дейін, тіз тазалағыштан бастап локомтивтерге дейін өндірілетін болса, шетелдік валютаның бағамына қарайламауға болатын еді. Бірақ біз аталған заттардың барлығын жасамаймыз. Сондықтан сыртқы нарыққа шығып, біз қажет жіп пен компьютерлерді валютаға сатып алуға мәжбүрміз. Сырттан қажет тауарларды елге әкелгенше, шетелдік валюта курсын назарда ұстауға тура келеді.
Енді екінші құбылысты қарастырайық: шетел валютасымен есеп айырысу, яғни тауар үшін доллармен төлем жасау. Заң бойынша ел ішінде резиденттер арасында мұндай есеп айырысуларға тиым салынған. Ашығын айтсақ, жылжымайтын мүлік, көлік сату-сатып алу доллармен жүретіні бәрімізге белгілі. Неге бұлай? Себебі сатушы алатын қаржыны есеп айырысу құралы ғана емес, жинақтау құралы ретінде де қарастырады. Сатуша алған ақшаны сол күні жұмсап тастамай, біраз уақыт сақтай тұрады. Демек сатушының теңге емес, тұрақты долларды таңдауы әбден заңды құбылыс. Сатушының бұл қылығы үшін кіналап, айыптауға әрине болмайды. Теңгенің тұрақсыздығына ол кінәлі емес қой.
Шетел валютасымен есеп айырысудың басқа дақыры бар. Алған ақшаны жинақтау жоспарында жоқ, сол күні басқа төлемдерге жұмсарын білсе де, сатып алушыдан доллармен есеп айырысуды талап ететін адамдар да көптеп кездеседі. Міне осы құбылыспен күресу қажет. Заң бойынша тиым салу жеткіліксіз, үгіт-насихат жұмыстарын күшейту керек. Бір жолы мен бір танысымды райынан қайтарған болатынмын. Ол машинасын долларға сатып, банктегі теңгемен алынған ипотекасын жаппақ болды. Машинасын тек долларға сатам деп тұрып алды. Себебін сұрағанда, мардымды жауап бере алмай, әдет қой дегенмен құтылғысы келді. Сонда біз тауарымызды долларға сатып, сол күні долларды қайта теңгеге ауыстырумен негізсіз валюта айналымын тудырамыз. Меніңше бұл дұрыс емес.
Міне сол сбептен ресейлік және қазақстандық компаниялар өзара есеп айырысуды долларға жүгінбей, теңге немесе рубль арқылы жүзеге асырмақ деген жаңалықты жылы қабылдадым. Теңгені долларға аударып, сол күні тағы да рубльге аударудың не қажеті бар? Әрине бағаларды долларға немесе басқа тұрақты валютаға шағудың қажеттілігін жоққа шығармаймын, бірақ есеп айырысуларды артық конвертациясыз жүзеге асыруға әбден болады.
Сонымен қандай қорытынды шығаруға болады?
Егер қолға түсетін қаражатты жинақтау немесе валютаға басқа тауар сатып алу көзделсе, бағаларды долларға немесе басқа тұрақты валютаға шағуды орынды деп санаймын.
Егер қолға түскен қаражат жақын арада жұмсалатын болса, доллармен есеп айырысуды талап ету негізсіз деп ойлаймын. Бұл валютаның артық айналымын тудырады.
Енді ең маңызды сұрақ: қалай экономикамызды доллар бағамына тәуелділіктен құтқарамыз?
Өкінішке орай, бұл мәселені шешудің жылдам әрі нақты шешімі жоқ сияқты.
Мен тіпті экономиканы толық долларсыздандырудың қажеті жоқ деп санаймын. Басты мақсат бұл емес, басты мақсатымыз теңгені тауарлық негізбен қолдаумыз қажет. Еліміздегі өндіріс көлемін арттырып, тауарларды сыртқа сатуымыз керек. Сонда теңгенің құны артып, валюта нарығы мен айрбас құнына алаңдамайтын боламыз. Қазіргі Германия мен Франция, Австралия мен Сингапур осылай өмір сүруде. Олар АҚШ долларымен күресудің орынына, өз валюталарын өндіріс пен қызметтермен қолдап отыр.
COMMENTS