Қазақ тілінің даму мәселесіне бұрыннан қызығамын. Өзім әр түрлі деңгейде 4 тілді білемін: қазақ, орыс, ағылшын және италия тілдері. Көптілділік осы тілдердегі кейбір заңдылықтар мен мәселелерді байқауға мүмкіндік берді.
Қазақ латын әліпбиінің өз нұсқамды ортаға салуға тәуекел еттім (төмендегі суретті қараңыз).
Алдымен біраз анықтама беріп кетейін.
Диграфты әліпби ғаламтор кеңістігінде қызу пікірталас тудырды. Диграфтар кейбір еуропалық тілдерде кеңінен қолданылады. Мысалы, ағылшын тілінде [ʒ] дыбысы «zh» әріптерімен, [ʃ] дыбысы «sh» беріледі. Бірақ «ә» және «ө» әріптерін «ае» және «ое» тіркестері арқылы беру сынға ұшырады. Диграфта қолайсыздығының жарқын мысалы шу шығарған «saebis» сөзі.
Ресми тұлғалар ұсынған екінші нұсқа да халықтың ықыласына ие болмады. Апострофтарды қолданысқа енгізу қай жақтан алса да қиындық туғызатыны анық болды. Апострофтар көбінесе ажыратушы белгі ретінде қолданылғандықтан, шетелдіктер үшін қазақ жазуын оқу тіпті қиындап кетер еді.
Мен диграфтар мен апострофтардан бас тартып, диакритикалық белгілерді қолдануды ұсынамын.
Бірақ қазақ тілінің спецификалық дыбыстарына қатысты нақты шешім табу өте қиын. Әр дыбысқа қатысты бірнеше нұсқалар келтіруге болады.
Мен ұсынып отырған нұсқада келесі қағидаларға сүйендім:
Диграфтардан бас тартатын болсақ, толық бас тартқан жөн деп санаймын. Адамзат қай салада болмасын барынша қарапайым амалдарға басымдылық беріп келеді. Бұл қағида жазуға да қатысты. Әрине бір әріп-бір дыбыс қағидасы орындалатын болса тіпті жақсы. Қарапайымдылық пен ыңғайлылықты жоғары бағалайтын американдықтар «telephone» сынды сөздердегі «ph» орнына «f» деп жаза бастаса таң қалмаймын. Сондықтан артық диграфтардан бас тартып, бізде американдықдар мен еуропалықтардан озатын мүмкіндік бар.
Егер арнайы символдар енгізетін болсақ, кең тараған тілдер мен әліпбилердің символдарына жүгінген дұрыс сияқты. Себебі бұл қадам көптеген шетелдіктердің қзақ тілін жылдам қабылдауы мен түсінуін жеңілдетеді. Мысалы, неміс әліпбиінен «Ää» және «Öö» әріптерін, түркі тілдес әліпбилерден «Ğğ» және «Şş» әріптерін қолланысқа енгізуге болады.
Кірме символдарды қолданылуын да бір жүйеге келтіріп алған абзал. Барлық ызың дауыссыз дыбыстарды әріп астындағы ілмек арқылы белгілесек, мысалы Şş» и «Çç» әріптері. Қосымша белгілерді қолданудағы бірізділік қазақ тілін үйренуші адамға жеңілдік болады.
Қазақ әліпбиіне қазақ тіліндегі сөздерде жоқ артық әріптерді тықпаламау керек. Мысалы, щ], [ц] сынды орыс және [ð], [θ] ағылшын дыбыстарын енгізбеуге болады. Тек шетелдік сөздерде кездесетін дыбыстар үшін Италия тәжірибесін қолданып, бұл әріптер үшін қосымша анықтама жасауға болады.
Бірқатар әріптер бойынша түсініктеме беріп кетейін:
«Ää»
Біздің спецификалық дыбыстарымыздың бірі [æ] (қазіргі «Әә» әрпі). Бұл дыбысты белгілеудің бірнеше нұсқасы бар. Дат, норвег, исланд тілдеріндегідей «Ææ» лигатурасы (әріптер қосындысы) арқылы белгілеуге болар еді, бірақ бұл біз қашқан диграфтардан да күрделі.
Екінші нұсқа – «Әә» әрпін өзгеріссіз қалдыру. Кирилл мен латын әліпбилерінде мүндай таңба жоқ. Бұл әріп әзірбайжан, татар, қалмақ тілдерінде қолданылады. Бірақ латын әліпбиін қолданатын көпшілік үшін бұл таңба түсініксіз болады.
Үшінші нұсқа – диакритикалық белгілер қолдану. Мысалы, «Ää» әрпі. Бұл әріп Ыбырай Алтынсарин жасаған қазақ әліпбиінде қолданылған. Сонымен қатар бұл әріп неміс, фин, швед тілдерінде бар және біздің дыбысқа жақын айтылады.
Мен үшінші нұсқаны жақтаймын.
«Сс»
Мен ұсынған нұсқада «Сс» әрпі жоқ. Бұл әріптің қолданысы туралы біраз ойландым. [s] дыбысы латын әліпбиінде «Ss» әрпі арқылы беріледі. Ағылшын немесе италия тілдеріндегідей тіркесетін әріптерге байланысты [k], [s] немесе [tʃ] дыбыстарын беру үшін қалдыру бізге ыңғайсыз. Сондықтан бұл әріптен толық бас тарттым.
«Ğğ»
Ерекше таңбалануды қажет ететін тағы бір спецификалық дыбыс [ɣ] («Ғғ» әрпі). Латын әліпбиінде «Ff» әрпі бар болғандықтан, қазіргі белгіленуі өзгертуді талап етеді.
Бізге жақын әзірбайжан, татар, қырым татарларының жазуында [ɣ] дыбысы «Ğğ» әрпі арқылы беріледі. Біздің де осы нұсқаны алуымызға еш кедергі жоқ.
«h» и «Xx»
Көптеген сарапшылардың «h» және «Xх» әріптерінің еш айырмасы жоқ деген пікіріне қосыламын. «h» әрпі араб тілінен енген сөздерде ғана қолданылады. [h] дыбысына «Hh» әрпін қалдырдым.
«Jj»
[ʒ] (қазіргі әліпбиде «Жж» әрпі) дыбысымен қиындықтар бар. Бұл дыбыс латын әліпбиін қолданылатын тілдердің өзінде де алуан түрлі жазылады. Мысалы, «Gg» немесе «Jj». «Джамбул», «джайлау», «джейран» сөздері қазақ тілінен қате транслитерациялаудың нәтижелері деп ойлаймын.
Дегенмен түркі тілдес елдерде «Jj» әрпі қолданылады. Менде осы нұсқаға тоқтадым.
«Éé» и «Êê»
Біздің спецификалық [ɘ] (қазіргі «Ii» әрпі) және [ɯ] (қазіргі «Ыы» әрпі) дыбыстарымыздың тағдыры қиын. 1929 жылы [ɘ] (қазіргі «Ii» әрпі) дыбысын латынның «Ii» әрпімен таңбалауды қабылдады. Сосын көптеген латын әліпбиін қолданушылар бұл дыбысты латынның [i] дыбысы ретінде оқи бастады. Нәтижесінде транскрипцияның орнына транслитерация жүзеге асты. Осының салдарынан қазақтың «іні» сөзін орыстар мен ағылшындар «ини» деп оқитын болды.
Қазір осы қателікті түзетуге мүмкіндік бар.
[ɘ] (қазіргі «Ii» әрпі) және [ɯ] (қазіргі «Ыы» әрпі) дыбыстары жіңішке және жуан жұп болғандықтан, бұларды ұқсас әріптермен білгілеген дұрыс. Бірақ қай таңбаны негізге алсақ болады?
Жеке басым [ɘ] дыбысы орыстың [э] дыбысына, ағылшынның [е] дыбысына жақын деп санаймын. Сондықтан латынның «Ee» әрпін негізге алып, жіңішке [ɘ] дыбысы үшін үстінен акут қойсақ «Éé», ал жуан [ɯ] дыбыс үшін циркумфлекс қолдансақ «Êê».
«Ii»
Жаңа латын әліпбиін құрастырушылар бірінші нұсқада «Ии» және «Ii» әріптерін, ал екінші нұсқада «Ии» және «Йй» әріптерін не себептен біріктіріп жібергенін түсінбедім. Бұл дыбыстарды біріктіруге болмайтыны анық. Сондықтан [i] дыбысына «Ii» әрпін қалдырдым.
«Ққ»
Ребрендинг жасап үлгерген біраз адамдар сынға алса да (мысалы «Qazqom»банкі мен «Qazaqstan» арнасы), «Qq» біздің қатаң [қ] дыбысымен үйлеспейді. Көптеген еуропалық тілдерде «Qq» әрпі дауысты дыбыстармен қатар келіп, жіңішке айтылады. Тек араб тілінде ғана жуан айтылады. Ал әліпбиімізге арнайы символдарды енгізуге келіскендіктен, қазіргі «Ққ» әрпін қалдыруға еш кедергі жоқ.
«Ññ»
[ŋ] (қазіргі «Ңң» әрпі) дыбысы бойынша екі нұсқа арасында таңдау болды.
Бірінші – үйреншікті құйрықты әріп қолдану, «Ŋŋ». Бұл нұсқа ағылшын тілді оқырмандар үшін жақсы таныс. Бірақ бұл әріп жазба әліпбиде емес, фонетикалық ранскрипцияда қолданылады.
Екінші – әріп үстінен мәт қою, «Ññ». Бұл әріп сәл басқа дыбысты білдірсе де, көп адам білетін испан тілінде және қазіргі татар латынында қолданылады.
Мен «Ññ» нұсқасын қолдаймын.
«Öö»
[ø] (қазіргі «Өө» әрпі) дыбысына қатысты ең тиімді екі нұсқа қарастырдым.
Бірінші – қолданыстағы «Өө» әрпін қалдыру. Көз үйренген әріп әрі башқұрт, бурят, қалмақ тілдерінде де бар.
Екінші нұсқа – «Öö» әрпін қолдану. Бұл әріп неміс, швед, мажар, фин, эстон, түрік, түркімен, әзірбайжан және тағы басқа тілдерде бар.
Кең таралғанына орай «Öö» нұсқасын таңдаймын.
«Şş»
[ʃ] (қазіргі «Шш» әрпі) дыбысы бойынша екі нұсқа арасында таңдау керек: шығыс еуропалық елдерде тараған «Šš» және түркі тілдес елдер қолданатын «Şş» әрпі.
Бауырлас түріктердің нұсқасын «Şş» таңдаймын.
«Ww»
[u] дыбысын «Ww» әрпімен белгілеуге қарсымын. Бұл дыбыс үшін «Uu» әрпі бар. Ал «Ww» әрпін қолданбасақ та болады.
«Úú» и «Ûû»
Қазақтың [y] (қазіргі «Үү» әрпі) және [ʊ] (қазіргі «Ұұ» әрпі) дыбыстары үшін латынның үндес «Uu» әрпін негізге алған дұрыс деп санаймын. Жіңішке [y] дыбысы үшін «Úú» әрпін, ал жуан [ʊ] дыбысы үшін «Ûû» әрпін ұсынамын.
«Yy»
Жаңа латын әліпбиін құрастырушылармен бұл әріпке қатысты мүлдем келіспеймін. Еуропалық тілдердің көпшілігінде «Yy» «Йй» деп оқылады, мысалы, «buy», «coyote». Нәтижесінде шетелдіктер қазақ сөздеріндегі дауыссыздан кейін бұл әріпті «й»деп оқитын болады.
Сондықтан «Yy» әрпін дыбысты йоттау үшін қолдануды ұсынамын.
Міне, қысқаша осылай.
Менің нұсқамды қарап шығып, пікір білдірулеріңізді сұраймын.
Қарастырылатын нұсқалар саны неғұрлым көп болса, ең тиімді әліпбиді таңдауымызға мүмкіндік артады.
Баршамызға сәттілік серік болсын!
COMMENTS