Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері 24 жыл өтті. «Мемлекеттік тілді игеру Қазақстан Республикасы әр азаматының борышы» деп жариялайтын тілдер туралы заңның қабылданғанына 18 жыл болды.
Осы уақыттың ішінде не жасалды?
Қазақ тілін кең таратып, жақсы игере алдық па?
Бағалар әркелкі. Біреулері үдеріс жақсы екпінде жүріп келеді деп санайтын болса, басқалары кешірілмес баяу жылжиды дейді. Осы даулар кейде ұлтаралық қарым-қатынастардың қауіпті аймағына әкеліп cоғады.
Осы жөнде өзімнің бірнешеойларымды айтайын деп едім.
Меніңше қазақ тілін дамытудың мемлекеттік басқару үдерісі жүйесіз, керек десеңіз, абыл-сабыл жүргізілуде. Бұл жұмыстың мақсаттары мен міндеттері жоқ, нәтижеліліктің түйінді көрсеткіштері (НТК) жоқ, оларға жету мерзімдері жоқ, бір жауапты мемлекеттік орган жоқ.
Сол себептен осындай түсініксіз және даулы нәтижелерге ие болып отырмыз.
Осы мәселені шешу ұшын мен келесіні ұсынар едім.
Біріншіден, бәрінен бұрын «қазақ тілін білу» ұғымын анықтау қажет.
Неге осы жылдар бойы қазақ тілінің даму екпіндері туралы даулар тоқтамай келеді?
Себебі бір көрініс әр адамдға ерекше болып көрінеді. Біреулер тіл жақсы дамып келеді деп санайтын болса, басқаларға бұл жеткіліксіз болуы мүмкін. Осы сезілмейтін материяның – тілдің объективті өлшеуіші жоқ.
Ал өлшеуге келмейтінді бағалау мүмкін еместігі баяғыдан белгілі ғой.
Сондықтан, барлық таласушыларды бірыңғай қорытындыға келтірудің бірден-бір тәсілі – бұл даудың затын (Қазақстан азаматтарының қазақ тілі білімін) өлшеп көру, ал содан кейін ғана оның даму деңгейін әділетті бағалау.
Тіл білуді өлшеуге болады. Бұл дүние жүзінде бұрыннан жүргізіледі.
Ағылшын тілін білу IELTS немесе TOEFL сынақтамалары, испан тілін– DELE, неміс тілін – TestDaF, қытай тілін – HSK және т.б. бойынша өлшенеді. Осы сынақтамалардың бәрінде баллмен есептелетін басқыштаушылық бар. Сондықтан, әрбір адам тестілеуден өткеннен кейін: «Мен бұл тілді беске білемін» деп тайсалмай айталады.
Бізге де осы жолмен жүру қажет.
Тіл білуді бірнеше деңгейге бөліп және әр деңгейге айқын анықтама беру қажет.
Тіл білу деңгейлері бір үлгіге келтірілгеннен кейін оларды өлшеуге болады. Бұл әрбір адамның тіл игеруіндегі прогрессияны бағалауға мүмкіндік береді: ол белгіленген мерзімде бір деңгейден келесі деңгейге ауысты ма әлде ауыспады ма (осы тәрізді «КазТест» жүйесі 2006 жылы Қазақстанда да әзірлеп шығарылған болатын, бірақ кең таратылған емес, шамасы, сұраныс болмағандықтан).
Ал егерде біз бір адамның тіл білімін баллмен өлшеуді үйреніп алсақ, онда біз жалпы статистиканы оңай санап, ел бойынша жағдайды тұтас көре аламыз.
Мысалы, егер өткен жылы қазақ тілін 5-ші деңгейде меңгерген адамдардың саны 1 000 000, ал осы жылы – 1 500 000 болса, онда оңалыс айқын көрініп тұр. Немесе, мысалы, былтыр сынақтаманы қайта тапсырып, өздерінің білімдерін бір деңгейге арттырған адамдардың саны 500 000, ал биыл – 1 000 000 болғаны да ілгеріліктуралыайтады.
Бұдан басқа өлшенерлік көрсеткіштер бізге жұмысымыздың тиімділігін анық бағалауға мүмкіндік береді. Жыл сайын мемлекет қазақ тілінің дамуына орасан зор қаражат жұмсайды. Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауында соңғы үш жылдың ішінде ғана 10 млрд. теңге жұмсалғаны туралы баяндады. Сол бөлінген қаражаттың тиімділігі қандай? Мен жартылай бос сыныптарда жүргізілетін қазақ тілінің ақылы сабақтарының саны туралы;ешкім оқымайтын болғандықтан жерге тасталып қалған қазақ тілінде басылған материалдардың саны туралы; азғантайлар көріп, тыңдайтын түңгі уақыт эфиріндегі бағдарламалар саны туралы айтып отырған жоқпын. Мен нақты өлшенерлік, өлшеуге келетін, боямалауға болмайтын, адамдардың сезінушілігіне негізделмейтін НТК туралы айтып отырмын.
Қазақ тілін білу сынақтамасы осы бағалауда ең жақсы құрал деп санаймын.
Екіншіден, біздің қоғамға қазақ тілінің ену деңгейін белгілеу, яғни, қазақ тілін білу міндетті болатын тұлғалардың шеңберін айқындау қажет.
Өз басым барлық азаматтардың қазақ тілін игеруін заңды түрде міндеттеудің қажеті жоқ деп санаймын. Біздің елде өмір бойы тұрып, мысалы, орыстар, түріктер, ұйғырлар, қытайлар, тіпті қазақтардың өзі де қазақ тілін ақыры үйренбеуіне болады деп ойлаймын. Мысалы, АҚШ-да ағылшын тілін білмейтін, Чайнатаунда немесе оңтүстік испанша сөйлейтін штаттарда өмір бойы тұрып келе жатқан көптеген адамдар бар.
Қазақ тілін білмеушілік басқа азаматтардың құқығын кемітетін жағдайларда ғана міндетті түрде білу қажет.
Бұл қандай жағдайлар?
Бірінші – мемлекеттік қызмет. Қазақстан Республикасының әр азаматында мемлекеттік органға мемлекеттік тілде жүгінуге және қызмет алуға мүмкіндігі болу қажет. Бұл құқықты қамтамасыз ету үшін барлық мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді білуге тиіс.
Екінші – қызмет көрсету саласы. Қазақстан Республикасының әр азаматындакез келген көпшілік, яғни, көпшілікке ашық қызмет көрсету нысанында мемлекеттік тілде жүгінуге және жауап алуға мүмкіндігі болу қажет. Бұл дүкендер, мейрамханалар, шеберханалар, әуе жолдары, теміржол көлігі, такси және т.б. Егер компанияның кеңсесі немесе нысаны еліміздің кез келген азаматына ашық болса, демек, бұл онда тек мемлекеттік тілді ғана білетін адам келуі мүмкін дегенді білдіреді. Бұл жағдайда компания клиентке қызметті қазақ тілінде көрсетуге тиіс. Бэк-офистардың, яғни, сырттан келген клиенттермен тікелей жұмыс жасамайтын компания бөлімшелерінің жөні басқа. Мысалы, бухгалтерия, өндірістік-техникалық бөлімдер, ішкі аудит және т.б. Немесе жеке компания меншіктенушісі қазақ тілін игерген қызметкерлерді жалдап, ал өзі қазақ тілін білмеуі де мүмкін, себебі оған тұтынушыларға қызмет көрсетуге тура келмейді. Бұл адамдар, менің ойымша, өздерінің мемлекеттік тілді білмегендіктерімен маңындағыларға қиындық туғызбайды, сондықтан қазақ тілін игеруді олардың өз бастарына қалдыруға болады. Сонымен қатар еліміздің азаматтарын шетінен міндетті сынақтаудан өткізу рәсімі жөнсіз және қиынға соғатын жұмыс.
Үшіншіден, жоғарыда аталған тұлғалар тобы үшін қазақ тілін білудің қажетті деңгейін белгілеу қажет. Мысалы, көшедегі кішігірім дүкен сатушысына Абайды жатқа білу және өз ойын көркемдігі жоғары стильде білдіру міндетті емес. Оған қазақ тілін 1-ші деңгейде білу жеткілікті. Ал банк менеджеріне клиенттермен терең айрықшалықты мәселелерді талқылау үшін 2-ші деңгей қажет. Мемлекеттік қызметте де өзінше айқын басқыштаушылығы болуы тиіс. Мысалы, С-2 санаты лауазымына қазақ тілін 3-ші деңгейден төмен емес игерген азаматтар қабылдануға тиіс. Ал С-1 санаты лауазымы үшін тек қана4-ші және одан жоғары деңгейдегі білім қажет.
Төртіншіден, үдерістің жылдамдығын белгілеу қажет. Барлық дүкендердің сатушылары бір күннің ішінде қазақ тілін 1-ші деңгейде де меңгере алмайтыны түсінікті. Қазақ тілін білу міндетті болатын тұлғалардың барлық санаттарына белгіленген деңгейге жету үшін уақыт беру қажет. Сонымен қатар әр санат үшін осындай талаптардың күшіне ену кезеңін қарастыру қажет, мысалы, егер сатушылар қазақ тілін 1-ші деңгейде білу керек болса, онда ол туралы заңнамалық акт арқылы көпшілікке жариялап, бір жыл мерзім беру қажет. Банк менеджерлері үшін талаптар, мысалы, екі жылдан кейін ену керек. Жоғарғы деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер немесе осындай лауазымдарға талаптанатын үміткерлер үшін өздерінің қазіргі лауазымына тиесілі білім деңгейіне жету үшін үш жылдан кем емес уақыт беру қажет және т.т. Мерзімдер нақты және қол жетерлік болуға тиіс.
Бесіншіден, қазақ тілін енгізу үдерісін басқару жүйесін қарастыру қажет. Осы үдерісті басқарудың, бақылаудың және ықпалшаралардың толық жүйесі құрылмаған жағдайда жоғарыда аталған ұсыныстар кезекті бос мағлұмдама болып қала береді. Бұл қолданымдағы заңнамаға бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізуді талап етеді. Мысалы, мемлекеттік қызметке орналасуға үміткерлер үшін Ата заң және заңдарды білуге тестілеумен қатар қазақ тілін білуге тестілеуден өтуді қарастыру қажет; дүкен сатушылары медициналық қаралудан өтіп, медициналық кітапшасыз жұмысқа кірісуге рұқсат етілмейтін сияқты, қазақ тілін білуге тестілеуден өткені туралы куәлікалулары қажет және т.т. Лауазымдардың барлық санаттары бойыншақазақ тіл білімін бақылаудың тиісті тәртібі, осындай рәсімдерден құтылып кетуді мүмкінсіз жасап, қарастырулары қажет. Осындай жұмысты ұйымдастырудың келесі құрамды бөлігі – бұл азаматтардың тіл білімін тестілеуге және олардың білім деңгейлерін белгілеуге уәкілеттенген аттестациялау орталықтарының желісін құру. Алғашқы уақытта оларды әрбір облыстық орталықтарында тілдерді дамыту басқармалары жанында ашқан жөн болады.Кейіннен, осындай қызметтерге сұраныс дамыған сайын мемлекеттік органда сертификаттаудан өткен жеке аттестациялау орталықтарының ашылуы мүмкін (мысалы, IELTS және TOEFL жүйесі бойынша ағылшын тілі білімін аттестациялау бойынша орталықтар негізінде жеке). Қазақ тілі білімін бақылаудың осындай жүйесі қалыптасқан жағдайда мемлекетке мектептер мен ЖОО-нан тыс тілді үйретумен айналысуға тіпті міндетсіз болып қалады. Жұмысқа орналасу кезінде қойылатын талаптар мыңдаған қалаушыларды тіл үйрету курстарын іздестіруге мәжбүр етеді, ал соңғылар, өз кезегіне, сұраныстың қызуына байланысты, қаулап өсе бастайды.
Кез келген жұмыстағыдай алғашқы кезде сәтсіздіктер кездесетін болады: оқытушылар, оқу материалдары жетіспейді; аттестациялау орталықтарында ықылассыз сыбайласқан емтихан алушылар кездеседі; кейбір дүкендер мен мейрамханалар қазақ тілін білу туралы сертификаты жоқ қызметкерлерді жұмысқа алады. Осының бәрі болады, бірақ, уақыт өте, үдеріс тегістеліп, кемшіліктер түзетіліп, жұмыс қалпына келеді.
Алтыншыдан, жоғарыда аталған шаралардың бәрі мәнінде қазақ тілін игерудегі орасан зор артта қалушылықтың есесін толтыру болғандықтан, басты екпінді келешектің нықты негізін қалауға қою қажет. Орта мектептердегі оқытудың деңгейін әрбір мектеп бітірушісі қазақ тілін5 жылдан кем емес мерзімде КазТесттің жоғарғы деңгейінде игергенгедейін көтеру қажет.
Менің ұсыныстарымды енгізудің болжалды нәтижелері қандай?
Қозғалыстың бағытын, жылдамдығын және өлшенерлік көрсеткіштерін біле отырып, біз өзіміздің келешектегі жетістіктерімізді айқын болжамдай аламыз. Мысалы, 2016 жылға дейін еліміздегі барлық қызмет көрсетуші персонал өздерінің клиенттерімен қазақ тілінде сөйлесе білетін болады; 2017 жылға дейін барлық мемлекеттік аппарат қазақ тілін тиісті деңгейде білуге сертификаттанады; ал 2018 жылдан бастап лауазымдардың әрбір санаты үшін білім деңгейі жыл сайын бір деңгейге көтеріліп отырады.
Жұмыстың айқын, өлшенерлік, тексерілетін көрсеткіштері «біз қазақша жақсы сөйлей бастадық», «біз қазақша көп сөйлей бастадық» немесе керісінше сияқты тұлғасыз субъективтік бағалардан көш артық.
Бұл жүйе таусылмайтын дауларды тоқтатып, қоғамымыздың азаматтық белсенділігін тәжірибелік тұрғыға ауыстырады.
COMMENTS