Сіз либералсыз ба әлде социалистсіз бе, тексеріп көріңіз. Жеті сұраққа жауап беріп, «Л» немесе «С» деген жауаптарыңызды санаңыз.

Сонымен:

  1. Егер сіз жеке тұлға – ең жоғары құндылық, әрі кез келген адам эгоист болуға және өзін ерекше санауға құқылы деген пікірде болсаңыз, «Л» деп қойыңыз. Егер сіз жеке адамның мүддесі қоғам мүддесінен артық болмау керек, жеке тұлға қоғамдық тәртіпке бағыну керек деп ойласаңыз, «С» деп қойыңыз.
  2. Егер сіз әр адам өзі үшін ғана жауапты болып, мемлекет пен қоғам тарапынан ешқандай қолдау күтпей, өзінің білімі, күш-қайраты, талабының арқасында бай-қуатты болсын деп ойласаңыз, «Л» деп қойыңыз. Егер сіз адамдар әртүрлі қабілетпен дүниеге келеді, біреуінің жолы болса, біреуінің бағы ашылмайды, бірақ мемлекет барлық азаматтарына қамқор болып, кедейлерді аш-жалаңаш қалдырмау үшін, байлардан көмек талап етуге болады деген пікірде болсаңыз, «С» деп қойыңыз.
  3. Егер сіз білімді, еңбекқор, талапты адам маңдай терімен тапқан байлығын қалауынша жұмсай алады, тіпті өртеп жіберсе де немесе итіне мұра етіп қалдырса да өз еркі деген пікірде болсаңыз, «Л» деп қойыңыз. Егер сіз кез келген миллионер байлығына қоғамның арқасында жетіп, қоғамға қарызын салықтар түрінде ғана емес, қайырымдылық жасау, әлеуметтік нысандарды қамтамасыз ету, кедейлерге жәрдемдесу қажет деп ойласаңыз, «С» деп қойыңыз.
  4. Егер сіз кез келген адамның тағдыры өз қолында, қалай өмір сүрсе де өз еркі, тіпті өз-өзіне қол жұмсауына да болады деп ойласаңыз, «Л» деп қойыңыз. Егер сіз адам өмірі қоғамға тиесілі, адам тағдыры үшін қоғам жауапты және қоғам адамның өмір сүру салтына әсер ету керек, өз-өзіне қол жұмсауға тиым салу керек деген пікірде болсаңыз, «С» деп қойыңыз.
  5. Егер сіз жеке кәсіпорындар мемлекеттік кәсіпорындармен салыстырғанда тиімді әрі пайдалы жұмыс жасайды, жеке меншік иелері жалдамалы басшыларға қарағанда бизнесі үшін жанын салып, жақсы басқарады деп ойласаңыз, «Л» деп қойыңыз. Егер сіз жеке кәсіпкерлер тек пайда табуды ғана ойлап, қоғам игілігін ойламайды, сондықтан ірі кәсіпорындарды қоғам бақылауында, яғни мемлекеттік меншікте ұстау керек деген пікірде болсаңыз, «С» деп қойыңыз.
  6. Егер сіз жеке кәсіпкерлер арасында бәсекелестік нәтижесінде қуатты әрі мықты компаниялар, шешімдер мен идеялар ғана қалып, дамудың ең тиімді жолы осы деп білсеңіз, «Л» деп қойыңыз. Егер сіз еркін өндірістік нарық ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік бермейді, нені және қанша өндіру қажеттігі әуелден белгілі жоспарлы шарауашылық жүргізу дұрыс деген пікірде болсаңыз, «С» деп қойыңыз.
  7. Егер сіз алмастыруға болмайтын адамдар жоқ, мемлекет басшысын қайта сайлап тұру қоғамның тұрақты дамуының кепілі деп ойласаңыз, «Л» деп қойыңыз. Егер сіз тұрақтылық демократиядан маңыздырақ, ел ішіндегі тұрақтылық пен татулықты сақтап қалу үшін тұлға еркіндігін құрбан етуге болады  деп санасаңыз, «С» деп қойыңыз.

Егер сіз 7 «Л» және 0 «С» алсаңыз, қыңыр либералсыз. Сіздің көзқарастарыңыз бен өмір сүру салтыңызды айналадағы адамдар түсінбей, сізге Қазақстанда тұру жайсыз болу керек.

Егер сіз «Л» әріптерін көбірек алсаңыз, ұстамды либералсыз. Сіз орта тап өкілісіз, еркін және батысшыл көзқарасты адамсыз.

Егер сіз «С» әріптерін көбірек алсаңыз, ұстамды социалистсіз. Сіз кеңседе немесе кәсіпорында жалдамалы жұмысшы болып қызмет ететін сияқтысыз. Мүмкін сіз дәрігерсіз, мұғалімсіз немесе әкімшілікте істейсіз. Сіз мемлекетке қатты тәуелдісіз және жеке мәселелеріңіздің шешімін мемлекеттен күтесіз.

Егер сіз 7 «С» және 0 «Л» алсаңыз, қыңыр социалистсіз. Сіз Кеңестік кезеңді қайтаруды аңсайсыз. Сталинді, Фидель Кастроны, Уго Чавесті, Путинді құрметтейсіз. Мемлекетті осылар сияқты нағыз еркектер ғана басқару қажет деп санайсыз. Сіз бар әлем қорқатын ұлы мемлекетте тұрсам деп армандайсыз.

Сонымен сіз кім екеніңізді білдіңіз, бұдан былай сөз жарыстырғанда жеңілдеу болу керек. Себебі көзқарастары ортақ адамдарды бір-біріне жақын тартып тұрады.

Comments: 0