Мен – орыс тілді қазақпын.
Ленинск (Байқоңыр) атты орыс қаласында дүниеге келдім, орыс мектебінде оқыдым, жоғары білімді орысша алдым, жұмысымда да орыс тілді орта болды.
Қазір де орысша ойлаймын, маған ойымды орысша жеткізген жеңіл.
Қазақстанда барлығы орысша сөйлеп, орыс тілінің қолданыс аясы тарылмағаны маған ыңғайлы болар еді.
Бірақ…
Тілі орысша болса да қазақтың көңілінде өз ұлтына, тіліне, халқына деген алаңдаушылық болу керек қой.
Неге туған елінде менің қандастарымның құқықтары шектелу керек? Неге мемлекеттік органдарда қазақша қызмет ала алмайды? Неге қазақша сөйлеп, кез келген дүкенде қалаған заттарын сатып ала алмайды? Неге кез келген дәріханада рецептін қазақша айта алмайды?
Қазақстанда қазақ тілінде сөйлеуге деген ықылас неге ұлтаралық алауыздық тудыру деп бағаланады?
Өзге ұлттарға тіл тигізбесе де, мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап еткен қазақтарға неге бірден шовинистер деген жала жабылады? Олар бар болғаны ана тілінде сөйлеп, ана тілінде қызмет алғысы келеді.
Неге қазақтар өз жерінде қазақша сөйлеп, қызмет алу құқығы үшін біреуге жалбарыну керек? Бұл не деген қорлық?
Өз елінде ана тілінде сөйлеуге зәру әлемде басқа қандай ұлт бар?
COMMENTS