Алыс та емес, жақын да емес Колхозстан деген бір елде Прокурор есімді прокурор өмір сүріпті.
Иә, шынымен де, азан шақырып қойған есімі Прокурор екен.
Былай ғой, оның әкесі де, ағасы да және басқа да туысқандары бәрі прокурор болғасын, оның басқа таңдауы да болмаған еді. Ешқандай бөтен ой болмасын деп, әкесі дүниеге келген ұлын Прокурор деп атайды. Ал 25 жыл өткен соң, ол шынымен де прокурор атанады. Колхозстанда бұған ешкім таң қалған жоқ.
Бірде Прокурор тәжірибе алмасу бағдарламасы бойынша Ежелгі Жабайы Батыс (ЕЖБ) еліне барады. Онда Прокурорды жергілікті прокурор қарсы алып, жабайы Батыстың салтымен таныстыра бастайды.
Міне екеуі ЕЖБ астанасы Бұқакенттің орталық көшелерімен серуендеп келе жатыр. Шағын, тұрмысқа жайлы қалашық екен. Бірақ жарқырап, көз тартатын ештеңе жоқ. Колхозстанның Астанасымен (Колхозстанның астанасы Астана деп аталады) салыстыруға да келмейді, не керамогранитпен қапталған көп қабатты үйлер салынбаған, не былқылдақ брусчатка төселмеген. Жалшылар мен малшылардың қолынан не келуші еді?
Кенет екі прокурор Бұқакенттің орталық көшесінде наразылық шеруге тап болады. 10 шақты адам топтасып, әңгіме-дүкен құрып тұр. Қолдарында плакаттары бар. Прокурор таң қалып, әріптесіне сұрақ қояды:
– Мына еріккендерге бұлай тұруға кім рұқсат берді өзі? Полиция қайда қарап отыр?
Батыс прокурорының жауабы тіпті қызық болды:
– Басқа қайда барып тұру керек сонда?
– Қайда дейді ғой! Түрмеде! Тіпті болмай жатса, қаланың шетіндегі адам жүрмейтін саябақта тұру керек, – деп бұлданды Прокурор.
– Ешкімнің мазасын алмаса, тұра берсін де, – деп қоя салды Батыстың прокуроры.
– Бұлай жалғаса берсе, Майданға да алыс емес!
– Кешірерсіз, бірақ бізде мемлекетіміз құрылғаннан бері 240 жыл ішінде шерусіз бір де бір күн өткен емес. Майдан әдетте жиналысқа, шерулерге тиым салынған жерлерде шығады. Солай емес пе?
– Плакаттарына не деп жазып алған? – деп Прокурор әңгіме арнасын басқа жаққа бұрмақ болды.
Айтпақшы, Прокурор батыстың тілін білмейді. Қайдан білсін, оқыған жылдары институтта екі-ақ рет болса: құжаттарын тапсырғанда және дипломын алып кетуге барғанда. Батыстық Прокурор шығыс тілін білгендіктен, екеуі еркін сөйлесіп жүр.
– Ее, президент Қарайгөрдің денсаулық сақтау саласындағы реформасына қарсылықтарын білдіріп жатыр.
ЕЖБ елінде жақында сайлау өтіп, ойда жоқта президентікке келбеті ерекше адам сайланған болатын. Бұл көпшілік үшін таң қаларлық оқиға болғасын, олардың біразы бұл жаңалықты «Қарай гөр өзін!» деген сөздермен қабылдаған. Содан бері бұл президент «Қарайгөр» атанып кетті.
– Президенттің саясатына қарсы дейді? Осы үшін ғана оларды қамап тастауға болады ғой!
– Э-э-э, – деп прокурор бір әңгіменің шетін бастағысы келгенмен, ұзақ түсіндіру керек болатынын сезіп, түскі ас ішетін жерге қарай беттеді.
Келесі көшеге өтіп бара жатқанда тағы шерушілер тобына жолықты.
– Ал мыналарға не керек? Плакаттарында не деп жазылып тұр? – деп тағы ашулана түседі Прокурор.
–Аа, бұлар менің отставкамды талап етуде. Плакаттарына мені ұры деп жазып алған.
Жауапты естісімен, Прокурордың өңі сұрланып кетті.
– Не дейді?!!
– Иә, мені ұры деп айыптауда. Онда тұрған не бар? Еліңізде сізге ешкім ұры деп жала жапқан жоқ па, не?
– Болған біреу. Түрмеде отырғанына 3 жыл болды.
– Не үшін? Құр сізді ұры дегені үшін ғана ма?
– Иә!
– Қызық екен. Бізде адамды сөздері үшін емес, істері үшін ғана соттайды. Мысалы, бір адам сізге «мен қазір сізді ұрамын» десе, оны соттап жібересіз бе?
– Жоқ.
– Ал шынымен ұрса, соттайсыз ғой?
– Иә.
– Енді солай ғой. Құр сөздің құны жоқ, ол үшін жазалауға болмайды.
– Бірақ сөзі үшін жауапкершілік болмаса, әркім ойына келгенді оттай беретін болады ғой. Мысалы, мені парақор, сізді гомосексуалист деп атауы мүмкін.
– Бізде басында солай болған. Кейін барып адамдар сөздерінің құнын біле бастады. Мысалы, адамдарда дәлел болмаса, босқа ештеңе айтпайды. Сіздерде қалай айтушы еді ондай адамдарды… Иә, есіме түсті, «қырт» атанып кетеді. Дұрыс па? Сондықтан сөзін тыңдап, адамның өзіне баға берілетін болды.
– Бұл адамдар сізді ұры деп айқайлап тұр ғой!
– Айта берсін. Олардың нақты дәлелі жоқ, сондықтан оларға ешкім назар аудармайды. Сөздерінің құны қалған жоқ. Құр жалаң сөздерге сеніп, мені ешкім ұры деп айыптап, соттай алмайды. Сөз бостандығы деп осыны айтамыз. Айтпақшы, менің гомосексуалист екенімді қайдан біліп қойдыңыз?
COMMENTS