Былтыр жазда Францияда бір орыс эмигрантымен таныстым. Есімі – Сергей, жасы 50 асқан, ауқатты адам. Бірақ Франция азаматтығын алмақшы.
– Қоныс аударуыңыздың себебі неде?, – деп сұрадым.
– Былай ғой, Марат, қазір мен сияқты бизнесмендерге Ресейде тұру мүмкін емес. Жағдай тым қиындап кетті.
– Басқа амал қалмады ма сонда?
– Мысалы, менің бизнесімді тартып алды. Жай келді де, жұмыс істеп тұрған құс фабрикамды тартып алды.
– Қалай? Кім? Рэкетирлер ме?
– Жоға, олардан өткен оңбағандар. Погоны барлар.
– Түсінбедім. Қалай сонда?
– Есіңізде болар, 90-жылдары кез келген кәсібі бар адамның бандит «крышалары» болатын. «Крышаңа» ай сайын төлеп тұрсаң, сені ешкім мазаламайды. Біреу әңгіме айта бастаса, «крышаңа» хабар бересің. Ары қарай бәрі «стрелкада» шешіледі. Қай жақтың «боецтары» мен «стволдары» көп болса, сонікі дұрыс болып шығады.
Қазір де соған қайтып келдік. Бірақ «стрелкаға» бандиттер емес, бизнесмендердің өздері баратын болды. Кімнің «крышасының» жұлдызы көп болса, сол жеңеді.
Менде солай болды.
Өз облысымда құс фабрикасын салып, ешкімде шаруам жоқ, саясаттан аулақ, тыныш қана жұмыс жасай бастадым. Менің «крышам» обылыс Прокуроры болатын.
– Прокурор?
– Иә, Прокурор. Бес жыл бұрын облпрокуратурадан тексерушілер жиілете бастады. Біресе ананы, біресе мынаны сылтауратып қоймады. Жас бала емеспін ғой, бәрін түсіне қойдым. Бірден Прокурордың қабылдауына жазылдым. Сөз арасында менің заңгерлерім сауатсыз, білмегендіктен заң бұзып қоямыз. Маған бір жақсы заңгерлік кеңес керек еді. Сіздің бір көмегіңіз болсын, жақсы бір компания тауып беріңізші деп қойдым ақырын. Прокурорға кірмес бұрын, оның ұлының заңгерлік компаниясы бар екенін біліп алғам. Әрине Прокурор ұлының фирмасын ұсынды. Келесі күні сол фирмамен қомақты сомаға келісімге отырдым. Болды. Осыдан кейін құлағым тынышталып, ешкім мені мазаламайтын болды.
– Сосын?
– Сосын, былтыр бір жігіттер келіп, бір ірі мәскеулік фирма астана маңындағы барлық фабрикаларды сатып алмақшы деген хабар әкелді. Жұмыртқаға монополия орнатып, бағаны өз қолдарына алғысы келетіндерін түсіндім. Әрине оларды менің заңгерлеріммен сөйлесіп келіңдер деп шығарып салдым. Қызық кейін басталды. Келесі күні Прокурордың шақырып алып, маған айтқан мынау: «Фабрикаңды сатуға қалай қарайсың? Жақсы баға беріп отыр ғой. Маған оларды Бас Прокуратурадан ұсынып отыр». «Крышалармен» саудаласу осымен бітті. Ойға қонымды баға ұсынса бір жөн еді. Олардың берген бағасы фабрикамның нақты құнының жартысына да жетпейтін.
– Сосын не болды?
– Мен келіспей қойдым. Арыз-шағым жазып, бармаған жерім қалмады. Прокурор маған ашуланып, жан-жақтан қыса бастады. Банктегі ақшам мен дүние-мүлкімді сот арқылы тартып алды. Өзімді отырғыза жаздады.
– Сосын?
– Сосын не болушы еді. Түрме мен теңіз жағалауы арасында, әрине теңізді таңдадым.
– Фабрика ше?
– Мен қайдан білейін. Фабрика менікі емес. Әлгі мәскеулік фирма фабриканы сот аукционынан сатып алды деп естігем. Түскен ақша бюджетке менің қарызымды өтеу үшін кетті. Сонда да қарыз болып қалыппын.
Міне, жүйеге қарсы шықсаң осылай болады, Марат.
– Неге өз мүлкіңіз үшін соңына дейін күреспедіңіз? Жоғарыға дейін бармадыңыз ба?
– Ең жоғары жұлдызды «крышаға» кіру керек еді дейсіз ғой? Осы жүйені құрып, басқаларға үлгі болып отырған өзі болғасын, ол маған не дейді. Қазір біздің еліміздегі ең бай адамдар бизнесмендер емес, иығында жұлдызы барлар.
– Оларды «Форбс» тізімінен көрмеппін.
– Енді оларды сонша ақымақ санамаңыз. Қызықсаңыз, сол «Форбста» жүретін миллионерлерден олардың бизнесін кім қорғап, миллиондарын кімдермен бөлісетіндерін сұраңыз. Біраз таныс есімдер естіп қаларсыз. Айтпақшы олар осында бірге демалады.
– Мында қалай өмір сүрмекшісіз?
– Құдайға шүкір, біраз қаржымды Францияға аударып үлгердім, Ресейде де қалғаны бар. Аш қалмаспын деп үміттенем. Мүмкін осында бір кәсіп ашып қалармын.
– Бөтен елде бизнес ашу қиын болатын шығар.
– Марат, мен қиындықтың көкесін Ресейде көрдім. Ал Францияда неден қорқуым керек? Қараңыз, «откаттар» мен «крышалар» туралы айтсам, мені француздар түсінбейді, не екенін білмейді. Тіпті олардың арасында Ресейде бизнес ашқысы келетіндері де бар. Шетінен аңқау адамдар.
– Жағдай сонша мүшкіл деп ойламаймын. Тек сіздің жолыңыз болмаған сияқты.
– Не ойласаңыз, да өз еркіңіз. Мен бар болғаны басымнан өткенді айтып бердім.
Айтпақшы неге сонша таң қала бересіз? Қазақстанда да осылай емес пе?
– Жоқ, Сергей. Бізде олай емес…
COMMENTS