Мүгедектерге ылғи жаным ашитын. Себебі мүгедек болып қалғаны үшін олардың еш кінәсі жоқ. Көбінесе мүгедек болып туады немесе оқыс жағдай салдарынан мүгедек болады. Бұл әділетсіздікті түзетіп, оларға көмектескім келеді. Эмоцияға берілмей, көмек ретсіз емес, орынды әрі салмақты болғанын қалаймын. Бір реттік емес, жүйелі жәрдем болғаны жөн. Бір рет қана қарын тойдыратын «балық» емес, өмір бойы азығын табуға қажет «қармақ» бергенді қалаймын. Мүгедек адам үйде отырып, туысқандарына қарап қалмауына жағдай жасалса, қандай жақсы болары еді!

Міне, осыны жүзеге асыратын идеям бар.

Әр мүгедек өз тарихын айтып, жұмыс істеуіне қажет құрал-жабдықтарды сатып алуына өтініш қалдыратын онлайн-алаң жасау керек. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі адам үйде отырып сайт құрастырады, мақала жазады немесе дизайн жасайды. Алайды бұл үшін оған жақсы компьютер мен ғаламтор қажет. Ал тағы біреу етікші бола алады, бірақ оған арнайы құралдар керек. Басқа біреу колл-орталықтың операторы болып жұмыс істей алады. Бұл үшін жақсы телефон байланысы мен микрофоны бар құлаққап қана керек. Осындай жағдай көп.

Екінші жағынан мүгедектерге арманына жетуге көмектескісі келетін мен сияқты мыңдаған жан бар екеніне сенімдімін. Осындай адамдар сайтқа кіріп, мүгедектердің тарихын қарап, құрал-жабдық алуға қажет соманы төлей алатын болса. Бұл несие емес, қайтарымсыз жәрдем. Ал демеуші тым болмаса бір адамға мүмкіндік беріп, жәрдемдескенін сезінетін болады.

Мен әлдеқашан кәсіпкерлікпен айналыспаймын, сайттар жасамаймын, мен қазір инвестормын. Идеяны жүзеге асыратын команда табылса, қаржыландыруға дайынмын. Басты шартымның бірі: сайт маған мүлдем тәуелді болмауы керек. Алаң өз-өзін ақтайтындай жүйені ойластырған жөн, мысалы, демеушілердің аударымдарынан ұсталған комиссия немесе жәрдем қабылдау есебінен. Бұл қаражат сайтты қолдаушы бағдарламашылардың және демеушілердің ақшасына алынған құрал-жабдықтарды орнататын еріктілердің шығындарын жабу үшін қажет.

Араларыңызда осы жобамен айналысқысы келетіндер болса, хабарласыңыздар. Қуана-қуана көмектесемін!

Comments: 0