Пионер кезімде пропаганда Американы Кеңес Одағын құлатқысы келеді деп айыптайтын. Сэм ағай бауырлас республикалардың бөлек-бөлек кетіп, өзара бәсекелесіп, тіпті жауласқанын армандайды деп сендіретін. Осылай АҚШ басты бәсекелесі КСРО-дан құтылады деген ой болды.
40 жылдан кейін Ресейдің құлағанын Америкадан бетер армандайтынымды кім білген.
Иә, мен Ресей Федерациясының ыдырап, өз үкіметі, бюджеті, әскері бар ондаған тәуелсіз мемлекет пайда болғанын қалаймын.
Бәр әлемге қауіп төндіріп тұрған орыстардың санасындағы империализмді түп-тамырымен құрту қажет. Олар территориясы ең үлкен және халық саны бойынша ірі мемлекеттердің бірі болмағаны жөн. Әйтпесе тарих көрсеткендей олар өздерін басқа халықтардан артық санап, әлемді билеп-төстеуге құлшынады.
Ал екінші себеп: татар, башқұрт, шешен, дағыстан, саха, бурят және басқа да Ресейдегі халықтар тәуелсіздік алып, өз мемлекеттерін құрса деп армандаймын. Сонда ғана олар ұлттық ерекшелігін, тілін, мәдениетін және Мәскеу жазған емес, шынайы тарихын сақтап қала алады.
1991 жылы КСРО өзімен өзі ыдырап, одақтағы республикаларға тәуелсіздік көктен түсті. Біз тәуелсіздік үшін соғысып, қан төккен жоқпыз.
Жақында Украинамен соғыс аяқталған соң Ресей Федерациясының құрамындағы ұлттық территориялар үшін дәл осындай мүмкіндік туады.
Бұл соғыста Ресей жеңіліп, билігі құлайды. Елде аласапыран кезең басталады. Мықты орталық билік болмайды. Бұл жағдай бірнеше айға, ал әрі кетсе бір жылға созылады. Сыртқы және ішкі күштерді қанағаттандыратын жаңа басшы келіп, билігін нығайтқанша ұлттық субъектілер Ресейдің құрамынан қантөгіссіз шыға алады. Сонымен қатар Мәскеудің этникалық азшылықтарды Украинамен соғыста оққа жем қылуы аймақтардағы бұл үрдіске серпін бере алады.
Ресей Федерациясындағы ұлттық субъектілер осыған дайын болып, мүмкіндікті жіберіп алмауы керек.
COMMENTS