Жақында бір қызметкерді жұмыстан шығаруыма тура келді. Жұмысқа деген көзқарасымыз үйлеспеді.

Ондай кейде болады.

Жұмыстан кеткен соң сол қызметкер маған ұзақ хат жазып, мен туралы бар ойын жайып салған еді.

Мен жұмыста тым салқын адам екенмін, қызметкерлермен қарым-қатынасқа жіті көңіл бөлмей, оларды жиі сынап, сирек мақтайды екенмін.

Мұндай сөздерден кейін оның екі бетінен шөлпілдетіп сүйіп алғым келді!

Иә, дәл солай. Мен сынға ренжімейтін, керісінше, жақсы қабылдайтын адамдардың қатарынанмын. Себебі сын өзіңді бір түзеп алуға мүмкіндік береді.

Шынымен де әріптестеріммен аз сырласқан екенмін, тек жұмыс туралы әңгіме айтатынмын. Қызметкерлерімді аз мақтағаным да рас. Өзім перфекционист болғасын «беске» жасалған жұмысты қалыпты жағдай деп қабылдаймын. Ал қалыпты жағдай үшін мақтаудың қажеті не? Ал «төрттік» мен үшін кемістік және оны жөндеу керек. Ал көп адам үшін олай емес.

Әлі өзімді шыңдай түсуім керек. Осының бәрі бұрынғы қызметкерімнің айтқан сынан кейін ғана айқын болды.

Оған алғысым шексіз!

P.S. Айтпақшы оның тек жұмыстан кеткен соң ашылғаны да теріс белгі. Компанияда жұмыс істеген кезде ол шындықты айтуға сескенді немесе қысылды деген сөз. Демек мен ұжымда ашық, еркін атмосфера жасай алмағанмын. Бұл бағытта да жұмыс істеуім керек.

Comments: 0