Қазақстан Үкіметі барлық азаматтарға шартсыз төлемдер енгізуді қарастырып жатыр. Бұл жасына, жұмысбастылығына, әл-ауқатына қарамастан еліміздің әр азаматына ай сайын бюджеттен белгілі бір сома беріліп отыратын болады деген сөз. Жай осы елдің азаматы болғаны үшін ғана.
Мен бұған қарсымын.
Себепсіз ақша таратуға жол бермеу керек. Бұл қадам халықты нашақорлыққа ашық үгіттеуден де қауіпті. «Халявный» ақша адамдарды аздырып, ештеңе істемеуге үйретеді. Нәтижесінде онсыз да ата-аналарының зейнетақысы мен мемлекеттен алатын жәрдемақыларға өмір сүріп отырған жалқаулар мен арамтамақтар (олар Еуропада ғана емес, бізде де баршылық) санын көбейтеді.
Ең бастысы, ақшаны себепсіз тарату қоғамдағы экономикалық қатынастар қағидасына қарсы келеді. Жеңіл ақшаға қол жеткізу мүмкіндігі халықтың жұмыс істеуге деген ынтасына кері әсер етеді. Ел экономикасының дамуы тоқтайды.
Күн көріс қамынан сәл де болса босаған адамдар сүйікті ісімен, өнермен айналысуға, қызығушылықтарына уақыт бөлуге мүмкіндік алар еді деген сылтау естідім. Менің ойымша, бұл да қате пікір. Стив Джобс айтпақшы, сүйікті ісіңізбен айналысыңыз, сонда бір де бір күн жұмыс істемейсіз. Нағыз кәсіпкер ретінде, ол қоғамға пайдалы, яғни адамдарға қажет және ақысы төленетін іс туралы айтқаны анық. Ал егер адам іс-әрекетінің қоғамға ешқандай пайдасы болмаса, оған жеке ақшаң тұрмақ бюджеттен ақша шашу обал.
Бюджетте артық ақша болса (әрине бұған күмәнім бар), оны инфрақұрылымға жұмсаған дұрыс. Жолдар, коммуникациялар, ауруханалар, мектептер салу керек. Бұның бәрі тұрмыс деңгейін көтеріп, адамдардың өмір сұруге, еңбек етуге деген құлшынысын арттырады. Адамдар бюджеттен «халяваны» күтіп жатпай, еңбек етуге, жаңа құндылықтар жасауға ынталы болу керек.
COMMENTS