Қазіргі саясаттағы шешімін таппай келе жатқан өткір мәселелердің бірі – тәуелсіздікке ұмтылу және сепаратизмнің ара жігін ажырату.

            Біреулер өз елінің тәуелсіздігі жолында күреске шықса, басқалар мұны сепаратизм деп бағалап, қарсылық білдіреді.

            Кейбір мемлекеттер бір халықтың не аумақтың тәуелсіздікке деген ұмтылысын сөзсіз мойындап жатады. Ал сол мемлекеттің құрамына енетін субъект еркіндік  туралы айта бастаса, әдетте жағдай бірден өзгереді.

            Мысалы, Ұлыбритания, дамыған, өркениетті мемлекет ретінде әр ұлттың өз тағдырын шешу еркіндігін мойындайды. 2008 жылы Косовоның тәуелсіздігіне қолдау білдірді. Ал Солтүстік Ирландияның Ұлыбританиядан бөлінуге деген ұмтылысы туралы сөз қозғалғанда, Ұлыбритания тарапынан сепаратизмге жол берілмеу қажет деген уәж айтылады.

            Испания да солай. Еуроодақ құрамында жас тәуелсіз мемлекеттерге барынша қолдау білдіргенмен, басктер мен каталондықтар жайында қарама-қайшы пікір ұстанады.

            Молдовадан бөлініп шыққан Приднестровьені, Грузиядан бөлінген Осетияны, Украинадан ажыраған Донецк пен Луганск обылыстарын қолдаған Ресейдегі жағдай да дәл осындай. Кезінде Шешенстанның тәуелсіздігіне қарсы болып, Татарстан, Башқұртстан сынды автономиялық республикалардағы кез келген ұмтылыстарды бірден кесіп отырады.

           Мүдделеріне орай құбылып отыратын аталған мемлекеттердің екіжүзді саясаты айқын.

           Адамзат әлі де бұл мәселенің оң шешімін әлі таба алмай келеді.

           Меніңше, тығырықтан шығар жол бар.

          Мемлекеттегі кез келген ұлттың немесе аумақтың өзін-өзі басқару құқығы болуы тиіс. Бірақ бұл үшін екі шарт орындалуы қажет. Бірінші: бөлінбекші аумақтағы халықтың көпшілігі референдумда тәуелсіздікті жақтап дауыс беру керек. Екінші: метрополия тұрғындары да бұған  келісімін референдумда дауыс беру арқылы білдіру керек. Ал бөлініп шыққан аумақ басқа мемлекеттің құрамына қосылуға ниет білдірсе, тағы да екі референдум арқылы қосылғысы келетіндер мен қосып алатындар келісімі болғаны жөн.

          Бұндай механизм біреулерге бос қиял болып көрінері сөзсіз. Метрополия тұрғындары өз территорияларының бөлінуіне келісуі мүмкін емес сияқты. Мысалы, Каталонияның бөлінуіне өздерінен басқа Испанияның еш тұрғынының дауыс беруін елестету қиын. Қазіргі өркениетті қоғамда қару мен күш қолдану (ресми түрде) айыпталғандықтан, еркіндікке қантөгіссіз қол жеткізу үшін оларға испандықтарды сөзбен иландыру қажет. Каталондықтар үгіт-насихат жұмыстары барысында әр испандықпен тілдесіп, дәлелдерін келтіріп, Каталонияға еркіндік беруге кем дегенде халықтың жартысын көндіру керек. Дәлелдер алуан түрлі болуы мүмкін. Тіпті қаржылай келісімге келу де артық болмас. Мысалы, Каталония Испанияға өтемақы ұсынса да болады. Құр қыңырлықтан еш  нәтиже шықпайтынын, арты ашық не жасырын (басктермен жалғасып келе жатқан текетірес сынды) соғысқа айналып кетуі мүмкін екенін испандықтардың да түсінгені абзал.

            Әрине мұндай жол қажырлы еңбек пен табандылықты талап етеді. Каталонияға ішкі референдум ғана өткізе салып, тәуелсіздік жариялау әлдеқайда жеңіл. Бірақ күші басым жақ мойындамаса, біржақты шешімдердің соңы соғысқа ұрындырып жатады.

            Мен ұсынып отырған нұсқа күрделі болғанмен, тәуелсіздік үшін күресушілердің ерік-жігерін бейбіт, өркениетті жолға бағыттап, соғыс отының жануына жол бермейді.

Comments: 0