- Ағылшын шағын пәтерде тұрады. Достарын қонаққа шақыратын болса, кафе немесе ресторанда күтеді. Қазақ кең, көп бөлмелі үй салады. Бұл бөлмелер ары кетсе жылына 3 рет қонақ күту үшін падаланылса, басқа уақытта бос бөлмелерді жылы, таза ұстау келіндердің мойынында.
- Ағылшын кез келген жерде өз пайдасын ойлап жүреді. Пәтерінің бос бөлмесін жиі жалға беріп, қосымша пайда табады. Қазақтың тұрып жатқан кең үйі немесе пәтерінен бөлек, Алматы мен Астанада да пәтерлері болады. Бұл пәтерлерде ол жұмыс бабымен немесе демалысқа барғанда 1-2 күн қонады. Басқа уақытта пәтерлер бос тұрады да, жалға беру туралы қазақ ойланбайды да.
- Ағылшын қаланың тар көшелері мен жолдарына ыңғайлы, салығы төмен, бензинге үнемді шағын машина алады. Қалтасының қалыңдығын байқатып, қазақ биік джип немесе қымбат седан алады, көліктің салығы мен бензиніне де қыруар қаржы жұмсайды.
- Ағылшын киімге көп шығындалмайды. Алған киімін ұқыптап киеді де, кейін жәрмеңкелерде немесе интернет-дүкендер арқылы сатып жібереді. Қазақ киімнің түр-түрін алады, әсіресе жеңілдікпен. Бірақ алғанының көбін кие бермейді де, біраз уақыт өткен соң ауылға беріп жібереді.
- Ағылшын ішер асын да мөлшерлеп әзірлейді, желінбей қалса, міндетті түрде кейін тауысады. Қазақ дастарханның мол болғанын қалайды (қонақтар келіп қалса, ұят болады ғой), тойғанынша асап, қалғанын не итке береді, не қоқысқа лақтырады.
- Ағылшын шақырған қонағының тізімін нақты белгілеп, соған орай дастарханын жаяды. Қазақ кез келген қонақ өзімен бірге балаларын, немерелерін, басқа да туған-туысын ерте келуі мүмкін екенін біледі. Сондықтан артық орындар қарастырылып, ас молынан әзірленеді, тіпті желінбей де қалып жатады.
- Ағылшын қонақты қарын тойдыру үшін емес, әңгіме-дүкен құру үшін шақырғандықтан, дастарханы да қарапайым болады: әдетте бір жеңіл және бір ыстық тағам мен сусын. Қазақ қонақтарын әбден тойдырып, дастарханының молдығымен таң қалдырғысы келеді. Жеңіл тағамдар мен салаттардан бөлек ыстық тағамның бірнеше түрі қойылып, дастарханда бос орын болмайды.
- Қыста ағылшын жылудың ақшасын үнемдеп, салқын пәтерінде қалың киініп жүреді. Қазақтың пәтерінде қыста батареялары жанып тұратындықтан, үстінен көрпемен жауып қояды немесе терезе ашық тұрады. Өзі үйде ыстықтап, ішкі киіммен жүреді.
- Электр қуатын үнемдегендіктен, ағылшынның пәтерінде үлкен люстра болмайды. Үстелінде, айнаның алдында, тағы да басқа қажет жерлерде бөлек шамдар орнатылады. Ағылшынның пәтері күн сәулесі түскенде ғана жарық болады, яғни жылына үш күн. Қазақ әр бөлмеге люстра іліп қана қоймай, үстелге, айнаның алдына және барлық қуыстарға қосымша шамдар орнатады да, барлығын жарқыратып қояды.
- Ағылшынның подъездінде қозғалыс сезгіш құрылғылар орнатылған, адам жүрсе ғана жарық қосылады. Қазақтың подъездегі жарығы күні-түні жанып тұрады. Жарықты өшіруге қазақтың мойыны жар бермейді, жалқау.
- Ағылшын тіс тазалап тұрғанда, босқа ақпасын деп, суды тоқтатып қояды. Қазақ болса, жуынатын бөлмеге кірісімен суды ағызып, шығарда бірақ тоқтатады.
- Ағылшын кіші дәреттен соң суды шашыратпай, шамалап шаяды. Қазақ көңілі түссе, суды көл-көсір ағызып кетеді.
Ал енді сұрақ: қай ұлт бай және неге?
Comments: 0
0
0
COMMENTS